фото: sputnik.kz
Тыңайтқыштар мен гербицидтердің, техника мен қосалқы бөлшектердің бағасы бірден 2,5 есе шарықтап, шаруаларға біраз нәрседен бас тартуға тура келген. Енді егін бітік шықпаса, шығынға батамыз деп отыр.
Қарағанды облысындағы ең көп егін салатын ірі шаруашылықтың алқабы биыл 36 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңірген. Көктемде қар суы топыраққа мол сіңгенімен, аңызақ жел жерді кептіріп барады, дейді диқандар.
Сондықтан қымбат болса да, тыңайтқышты көптеп пайдалануға мәжбүр. Өйтпесе, өнім болмайды.
Диқандардың есебі бойынша, енді ең болмаса кеткен шығынды жабу үшін күзде кемінде әр гектарына 15 центнерден өнім жинау керек. Бірақ, өкінішке қарай, биыл керісінше бидай мен көкөністің құны 2 есе төмендеген. Шаруалар мұны әлемде болып жатқан геосаяси ахуалмен байланыстырады.
"Өнімнің құны өте төмендеп кетті. Картоптың келісін 100 теңгеден сатып жатырмыз. Көкөністі 7 жыл бойы егіп келемін, ешқашан баға бұлай құлдырамаған. 170-180 теңгенің шамасында болатын. Бидай бағасы да бірден 2 есеге арзандап кетті. Қазір тоннасын 90 мыңға әзер өткіземіз. Өткен жылы 180 мыңнан саудалағанбыз", - дейді шаруа Георгий Прокоп.
Диқандар субсидияның да уақытылы берілмейтініне қапалы. Жаңа жүйе әлі дұрыс жұмыс істемейді деп отыр. Бірер күн бұрын тұқымға алған, ал тыңайтқыш пен гербицидтің ақшасы әлі аударылмапты. Бұлай жалғаса берсе, егін салудың өзі қиямет-қайымға айналады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через