Түркістан облысында үйірмелері тегін спорт зал ашылды

Түркістан облысында үйірмелері тегін спорт зал ашылды

Түркістан облысының Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылында балаларға арналған қайырымдылық спорт залы ашылды. «Қазақстан халқына» қорының жобасы аясында ауыл балалары спорт секцияларына тегін қатыса алады.

Жаңа спорт зал жергілікті мектеп аумағында ірге қалаған. Зал бөлмесі мектеп балансында. Осыған дейін ауыл балалары күрес үйірмесіне барғанымен, тұрақты жаттығулар өткізу үшін қажетті жағдай жасалмаған еді. Сондықтан тұрғындар, әсіресе, балалар жаңа залдың ашылуын асыға күтті.

«Қазақстан халқына» қоры «Батыр боламын» ҚҚ-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жобаны естіп, ауыл азаматтары болашақ зал ашылатын ғимаратты өз күштерімен жөндеуден өткізді.

«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен үй-жай қажетті заманауи жабдықтармен, спорттық құрылғылармен және жаттығуға арналған құралдармен жарақтандырылды. Жаңа спорт залда 80 бала еркін күреспен айналысуды бастап кетсе, бокс секциясына қабылдау жүріп жатыр.

«Біз залдың ашылуын асыға күттік. Апта сайын жаттығамыз. Бәрімізге қатты ұнайды. Қаладағыдай залдардай өте кең және заманауи. Осындай спорт залды ашқан ағаларымызға рақмет!», – дейді секцияға қатысушылардың бірі Досжан Азамат.

Қақпақ ауылындағы бұл нысан - «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Батыр боламын» қорымен серіктестікте «24 балалар спорт залы» қайырымдылық жобасы аясында ашқан тоғызыншы спорт зал.

24 залды ашуға қор 183 623 000 теңге бөлді.

Дереккөз ҚазАқпарат.