Түнде төсекке жіберіп қоятын балаға қалай көмектесуге болады?

Түнде төсекке жіберіп қоятын балаға қалай көмектесуге болады?
фото: Фото: ru.freepik.com

Бұл сұрақтарға балалар клиникалық психологы және нейропсихолог Айнұр Алдаш журналист Айгерім Сейфоллаға берген сұқбатындағы жауабы.

Психолог Айнұр Алдаш  айтуынша, "Энурез тек қана психологиялық проблема емес. Баланың физиологиясында қандай да бір ақау болуы мүмкін. Мысалы, баланың қуығымен, орталық жүйке жүйесімен проблема болуы мүмкін. Бұл жерде ең бастысы - себебін табу. Әрине, ол үшін жақсы педиатр немесе уролог болсын, жақсы маман табу өте маңызды. Жалпы не үшін бала түнде төсекке жіберіп қояды? Энурез дегеніміз жай ғана симптом. Мысалы, бала жөтеледі. Жөтел тек қана симптом ғой, ол тонзиллит, демікпе, аллергия болсын, оның белгілі бір себебі бар. Сол сияқты бала бір жағдай бойынша кіші дәретін жіберіп қояды. Оның не үшін болып жатырғанын түсініп алуымыз керек. Содан кейін әрекет жасаймыз. Бұл жерде психологиялық немесе физиологиялық проблема болды ма анықтау анықтаймыз", - дейді маман.

Маман сондай-ақ энурездің түрлері жайлы айтып берді.

"Біз әдетте біріншілік және екіншілік энурез деп анықтаймыз. Біріншілік энурез дегеніміз - бала туылғаннан жіберіп қоя береді, яғни оның туғаннан бастап бірде-бір құрғақ күні болған емес. Кішкентай кезінен бастап горшокке отыру, түнде ұйықтаған кезде кіші дәретін ұстаудың дұрыс рефлексі қалыптаспаған кезде бұл біріншілік энурез болып табылады, бұл жерде баланың физиологиясында проблема бар деген сөз.

Егер балада бәрі жақсы болып жүреді, дәретханаға баруы және түнде төсекке жібермеуі өте жақсы қалыптасқан, бірақ кенеттен сондай жағдай болып қалды немесе бірең-сараң, аптасына бір рет, теледидарды көп көріп қойғаннан, ашуланғаннан энурез болуы мүмкін. Бұл екіншілік энурез. Бұл жерде 100% психологиялық факторлар болады. Сондықтан бізге өте жақсы маман керек, оның біріншілік екіншілік энурез екенін түсініп алуымыз керек.

 Сол секілді энурездің күрделі және моносимптомды түрлері болады. Моносимптомды дегеніміз балада энурезден басқа ешқандай проблема жоқ деген сөз. Ал кейбір кезде күрделі энурез болады. Мысалы, энурез бен СДВГ, энурез бен сөйлеудің кешігуі, энурез бен баланың түнде нашар ұйықтауы, сабаққа үлгерімінің нашар болуы. Алайда энурезден басқа проблемасы жоқ деп айтатын ата-аналар өте аз. Көбіне энурез басқа проблемалармен бірге жүреді", - дейді Айнұр Алдаш.

Балалар психологы энурездің психологиялық себептерін айта кетті.

"Энурездің көптеген психологиялық себептері де болады. Мысалы, менде ажырасып жатқан, отбасындағы атмосферасы өте нашар ата-аналар бар. Сондай отбасыда болған қандай да бір процестер балада энурез пайда болуына әкелуі мүмкін. Энурезді біз басқаша "астымен жылау" деп те айтамыз. Яғни бала өзінің көз жасын шығара алмаған кезде, проблемаларын анасына айта алмаған кезде осылай төсекке жіберіп қоюы мүмкін. Психолог бізге не үшін керек? Сол себебін табу үшін және егер себебі психологиялық болса, түрлі арт-терапиялық әдістермен, құм терапиясымен, метафоралық карталармен, символдрамамен оны қалыпқа келтіруге болады", - дейді ол.

Егер ауылдық жерде тұратын болсаңыз және балада осы секілді проблемалар болса, алайда жақсы маман болмаса, не істеу керек. Айнұр Алдаш мұндай ата-аналарға бірнеше кеңес берді.

"Ауылдық жерде тұратын ата-аналарға айтарым, егер ондай проблема болса, ең бірінші баланың режимін дұрыстаңыздар. Бала сағат 21:30-да ұйықтап қалуы керек. Егер баланы кеш ұйықтататын болсақ, мысалы ол сағат 12:00 немесе 1:00-ге дейін жүретін болса, бала толыққанды гормондарын алмайды. Регенерация жасайтын, соны қалыпқа келтіретін, баланың жүйке жүйесіне пайдалы, баланың сабырлы болуына алып келетін гормондардың барлығы сағат 23:00 де бөлінеді. Сондықтан баланы ертерек жатқызуымыз керек. Содан кейін режим дегеніміз тек қана ұйықтау емес. Бала алдын ала күнінің шамамен қалай өтетінін біліп отыруы керек. Бір күні бала 12:00-де жатады, ал басқа күні 21:00-де жатады. Бір күні бала түсте ұйықтайды, басқа күні мүлдем ұйықтамайды немесе күні бойы ұйықтайды. Бұл жерде балада хаос болады. Бала алдын ала не болатынын білмейді. Мұндай балада міндетті түрде мазасыздық болады. Сондықтан баланың режиміне өте көп көңіл бөлуіміз керек.

Балада тамақтану режимі болуы және гаджетті, теледидарды нақты кестемен қарауы керек. Балаға бұл тыныштық береді.

Бала дұрыс ұйықтау үшін балаға дұрыс ритуал жасау керек. Ритуал - дегеніміз балада күнделікті қайталанып отыратын әрекеттер. Мысалы, ұйықтарда балаға пижама кигізу, әдемі ертегі оқу, тіс жуу, төсек салу, барлығының бетінен сүю, содан соң ғана тыныш ұйықтау. Бұл әрекеттер балада күнделікті қайталанып отыруы керек", - деп кеңес берді балалар клиникалық психологы Айнұр Алдаш.

ҚазАқпарат