фото: https://turkystan.kz
Түркістан облысы Қызылқұм ауылының тұрғыны Арайлым Құршанбек жастайынан алып техниканы тізгіндеп, ерлермен қатар еңбек етуді үйренген. Жеңіл көліктен гөрі ауыр техникаға қызыққан ол, «бұзылып қалса, жолда қалмайын» деп трактор жөндеуді де меңгеріп алыпты. Қазір жер жыртып, шөп тасып, тынбай еңбек етіп жүр. Бұрын ауыл арасында «тракторшы қыз» атанса, қазір бір әулеттің түтінін түтетіп, ұрпағын жалғастырып отыр.
Арайлым қарапайым отбасында тәрбиеленіп-өскен. Бір үйдің кенже әрі жалғыз қызы, кішкентайынан әкесінің жанынан бір елі қалмай еріп жүрген. Ол 5-сынып оқып жүргенде алғаш рет трактор рөліне отырғанда екі ағасы қарсы болған екен. Алған бетінен қайтпайтынын білсе керек, сол кезде оның таңдауын 40 жылдан астам трактар айдап жүрген әкесі қолдапты. «2003 жылы дүниеге келгенмін, қазір 20 жастамын. «Трактор айдау қара күшті қажет етеді, ер адамның ісі» деп айтып жатады ғой. Бірақ бұрын да апа, әжелеріміз техниканы тізгіндегенін білеміз. Бәлкім, ол уақытта заман талабы болған шығар, қиын кезеңдер болған ғой. Менің бұл алып техникаға деген қызығушылығым ерекше болды. Әкем диқаншылықпен айналысады. Кішкентай күнімде жұмысқа баратын кезде аяғына жармасып, «Мен де барамын!» деп жылайтынмын. Содан әкем көңілімді қалдырмай, ертіп алады. Ал мен әкемнің қасында ән айтып, «магнитофон» болып отыратынмын. Тракторға деген қызығушылығым күн өткен сайын арта берді. Сөйтіп жүріп, 11 жасымда трактор рөліне отырдым. Ары қарай ақырындап үйреніп кеттім.
Ата-анам қарсы болмады, керісінше қолдады. Алайда анамның қалауы басқа болғаны рас. Өйткені нәзік жанды болғандықтан әдемі киініп, таза жерде жүргенімді қалады. Бірақ менің қалауым осы болған соң, қарсылығын білдіріп, бір ауыз сөз айтқан емес. Ал екі ағам үлкен көлікті жүргізіп, ауыр нәрсені көтеріп жүргенімді қаламағаны рас», - дейді кейіпкеріміз. Арайлым бүгінде бір әулеттің келіні атанып, сәби сүйсе де, сүйікті кәсібінен қол үзген емес. «Адам жақсы көретін ісімен айналысса, шаршамай, қиналмай, оңай табыс табады. Энергиясы тасып, жұмысқа деген құлшынысы артады», – дейді ол. Бүгінде ол тракторымен талай тірлікті тындырып, несібесін тауып жүр. Бұрынғы «Кейін тұрмысқа шықсам, ата-енем, жолдасым рұқсат берер ме екен?» деген уайымы да сейілген. «Жақсы көретін ісін қазір де жалғастырып жүр. Тұрмысқа шықпай тұрып, «Болашақта бұл істі жалғастыра аламын ба, ол кезде жарымның, оның отбасының көзқарасы қалай болады?» деп уайымдайтын едім дейді. Ол кісілердің пікірімен санасуым керек қой. Қазір, Құдайға шүкір деймін, ата-енем түсіністікпен қарады. Бәлкім, мені бұрыннан танитын болғандықтан шығар. Бірақ басында жолдасым қарсы болды. Ер-азамат болған соң қызғаныш болады, оны да түсінуге болады», - дейді Арайлым. Сүйікті ісін кәсібіне айналдырған кейіпкеріміздің бүгінде тұрақты клиенттері бар. Әсіресе, дала жұмыстары басталғанда жұмыс қыза түседі екен. «Қыста аздап үзіліс алғанымыз болмаса, төрт мезгіл бойы жұмыс істейміз. Ерте көктемнен жер айдауға кірісеміз. Тапсырыс түссе, кез келген жерге баруға дайынбыз. Шөп, су тасимын. Тракторым күнделікті тіршілікке де жарап тұр,-дейді тракторшы қыз.
Трактор айдау деген математика ғой, әр қимылыңды есеппен жасау керек. Бір қателік жіберсең, соғылып, апатқа ұшырауың мүмкін. Сондықтан бұл жұмыс ұқыптылықты, тиянақтылықты қажет етеді», – дейді бойжеткен.
Арайлымның негізгі мамандығы – тіс дәрігері. Алайда еңбекқор жан заман талабына сай білім алғанмен, техникадан алыстай алмайтынын айтады. «Стоматология саласында білім алып, өзімді дамытып жатырмын. Алайда сүйікті ісімді тастай алмайтынымды түсіндім. Жүрегім сол жерде қалып кеткендей сезім болады. Жаратушының маған берген қабілеті деп білемін. Алып техниканы жүргізу маған ерекше шабыт сыйлайды», – дейді Арайлым Құршанбек.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через