фото: Дзюдо федерациясы
Қазақстандық спортшы Тоқтарбек Айдарбек Түркістанда сурдо дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Тоқтарбек финалда оңтүстіккореялық Джунгму Янгты уақытынан бұрын иппон әдісімен ұтты.
Жартылай финалда отандасымыз жапониялық Томоко Такахашиден басым түскен болатын.
Жарыстың екінші күнінде Қазақстан қоржыны 1 алтын, 3 күміс және 3 қола жүлдемен толықты. Ерлер арасында Айдос Түгелбаев (-90 кг) күміспен күптелсе, әйелдер арасында Анна Краморова (-78 кг) мен Екатерина Чебышева (+78 кг) күміс жүлдеге ие болды. Ал Анастасия Тимошенкова (-70 кг), Еркебұлан Қанафин (-81 кг) және Сабыржан Хапизов (+100 кг) ел қоржынына үш қола жүлдені сыйлады.
Айта кетерлігі, сурдо дзюдошылар әлем чемпионатының алғашқы күнінде 2 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, Қазақстан сурдо дзюдо құрамасы әлем чемионатының жекелей жарысын 3 алтын, 6 күміс және 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық медальдар кестесінде ІІ орынмен аяқтады.
Әлем біріншілігіне 24 елден 300-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың соңғы күніне командалық чемпионат жоспарланған.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через