Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы жетістігі

Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы жетістігі

фото: Алматы әкімдігі

Төрт алтын және 11 медаль: Алматы спортшылары Қазақстан құрамасының Азия Пара ойындарындағы жетістігіне үлес қосты

 

18-24 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өткен V Азия Пара ойындарында алматылық спортшылар 11 медаль жеңіп алды. Олардың еншісінде төрт алтын, алты күміс және бір қола жүлде бар, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы. 

Бұл туралы Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері хабарлағанындай, алматылық спортшылар Қазақстан құрамасы жеңіп алған алтын медальдардың үштен бірін және жалпы жүлделерінің бестен бірінен астамын иеленді. Ұлттық құрама ойындарды 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға тұрақтады.

Алматы спортшыларының нәтижесіне паравелоспорт өкілдері зор үлес қосты. Олар трек пен тас жолдағы жарыстарда төрт алтын, төрт күміс және бір қола медаль (тоғыз жүлде) жеңіп алды.

Фото: Алматы әкімдігі.

Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова екі дүркін Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Олар жекелей уақытқа жарысу және тас жолда 55 шақырымдық топтық жарыс бойынша топ жарды. Сондай-ақ спортшылар тректе 4000 метр қашықтықтағы жарыста күміс медаль иеленді.

Фото: Алматы әкімдігі.

Наиль Ермұханбет пен оның пилоты Руслан Әлиев те екі алтын медаль жеңіп алды. Алматылық тандем 20 шақырымдық уақытқа жеке жарыста жарысу және 65 шақырымдық топтық жарыста жеңімпаз атанды.

Кирилл Ильюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский үш рет жеңіс тұғырына көтерілді. Олар тас жолдағы жарыстарда екі күміс медаль, ал тректегі 4000 метрлік жарыста қола жүлде иеленді.

Фото: Алматы әкімдігі.

Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжела Соловьева әйелдер арасындағы 55 шақырымдық топтық жарыста күміс жүлдегер атанды. Осылайша, бұл сайыста алматылық тандемдер бірінші және екінші орынды иеленді. Қала спортшылары ерлер арасындағы тас жолдағы екі жарыста да бірінші және екінші орындарды жеңіп алды.

Алматы қоржынына тағы екі күміс медальді парадзюдо мен парапауэрлифтинг өкілдері салды.

Фото: Алматы әкімдігі.

Жанбота Аманжол парадзюдодан J2 класында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде екінші орын алды. Ол 2023 жылы Азия Пара ойындарындағы жетістігін қайталап, қатарынан екінші рет күміс жүлдегер атанды.

Алина Солодухина парапауэрлифтингтен 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 103 келі салмақты көтеріп, күміс медаль жеңіп алды. Бұған дейін, 2018 жылы ол Азия Пара ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.

Азия Пара ойындарында Алматы атынан спорттың алты түрі бойынша 20 спортшы бақ сынады. Олар Қазақстан құрамасы жеңіп алған барлық медальдың 22 пайызын және алтын жүлделердің үштен бірін иеленді.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!

Сондай-ақ оқыңыз

Жазылу
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз