Қағаз теңгенің кескін-келбетін өзгерту керек деген бастамаға Ұлттық банк жауап берді. Осыған дейін қоғам белсендісі Ғалым Байтұқ ұлттық валютамызға тарихи тұлғалардың бейнесін қайта басуды ұсынған. Оның айтуынша, бұл қадам ақшамыздың беделін арттырып, Қазақтан шыққан ұлт зиялыларын әлемге танытады. Алайда Ұлттық банк банкноттың дизайнын жаңартуға ешқандай негіз жоқ деп отыр. Оған қоса қорғаныш элементтері бар қазіргі қағаз ақшалар бірегей технологиялармен жасалған дейді.
Төл ақшамыздың айналымға енгеніне биыл – 29 жыл. Осы ширек ғасырдан астам уақытта теңге өзінің кескін-келбетін талай мәрте өзгертті.
Алайда тарихи тұлғалар бейнеленген алғашқы жеті банкнот халықтың әлі күнге дейін есінде дейді Ғалым Байтұқ. Осы орайда қоғам белсендісі ұлттық валютаға ұлт зиялылары мен мемлекет қайраткерлерінің суретін қайта басып шығаруды ұсынды.
Купюраларды өзгерту өте маңызды. Әр мемлекетте символдар бар. 1993 жылы жаңа валютамыз шыққанда әдемі ақша шығарды. Шоқан Уәлиханов, Абай, Абылайхан, Құрманғазы, ӘлФараби. Сол купюралар бес жыл жүріп, сосын жойылып кетті. Қазір бізге осындай символдар керек. Мультипликативті маңыз көп. Ол тарихқа да, балаларға да символ. Ғалым Байтұқ 20 000 теңгелік купюраға Жошы ханды, 10 000-ға Әл-Фарабиді, 5 000 теңгелік банкнотқа Абылай ханды, 2000-ға Абайды, 1000 теңгеге Шоқан Уәлихановты, ал 500 теңгені Дінмұхамед Қонаевтың бейнесімен шығарылғанын қалайды. Ғалым Байтұқ, қоғам белсендісі
Бұл бастаманы теңгенің авторы Қайролла Ғабжәлелов бірден қолдаған. Төл ақшамыздың алғашқы дизайнын салған суретші егемендігіміздің нышаны теңгені жаңарту қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғаларды әлемге танытумен бірдей деген пікірде.
Елге қызмет істеген тарихи тұлғаларды салдық. Теңге ол кезде ұлттық идеология болды. Шетелдіктер бізге келерде теңгені зерттеген. Бұл кім деп тарихын білген. Ол әрине керек. Бәрін бірден жасауға болады. Бірден кірісуге болады. Ешкім қолымызды қағып отырған жоқ. Баяғыда Совет одағы құлағанды біз асықтық. Күндіз-түні істедік. Қайролла Ғабжәлелов, суретші
Ұлттық банк өкілдері жаңа үлгідегі қағаз ақша шығаруға ешқандай негіз жоқ екенін алға тартады. Себебі, теңгенің дизайнында жалған ақша жасайтын алаяқтарға тоқсауыл болатын қорғаныш элементтері бар екен. Бас банк бірегей технологиямен жасалған қағаз ақшамыз әлемдегі ең қорғалған валюталардың қатарына кіретінін де тілге тиек етті.
Әдетте банкноттардың дизайны қорғаныш элементтерін күшейту мақсатында өзгертіледі. Ал дәл қазір Ұлттық банк банкноттарды түбегейлі өзгертуді қарастырмайды. Жалпы көшу технологиясының дамығанына байланысты қолдан жасалған банкноттардың саны арта түседі. Қазақстанның банкноттарының дизайн және қорғаныш элементтерінде халықаралық деңгейдегі соңғы жетістіктері қолданылуда. Қарақат Қабай, Ұлттық банктің Банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының сарапшысы
Ұлттық банк теңгенің дизайнын түрлендіруге қыруар қаражат пен ұзақ уақыт кететінін де жасырмайды. Сондықтан валютамызды жаңартудың орнына оны нығайту басты назарда дейді бас банктегілер.
Дереккөз: ktk.kz. Фото: 24.kz, tengrinews.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через