фото: syrboyi.kz
Осы уақытқа дейін теңгеміздің кескіні сан рет өзгеріп, басқа валюталарға шаққанда құны да сан құбылды. Елдігіміздің белгісі, егемендігіміздің еңсесі болған ұлттық валютамыздың құны теңсіз. Бүгін теңгенің ұлттық валюта болып бекітілгеніне 30 жыл толды. Осыған орай, қазақ тілінде ақша атауларына байланысты қандай сөздер бар, олардың түп-төркіні қандай? Валюта ретінде неге «теңгені» таңдадық? Ақша атауларына қатысты осы және өзге қызықты деректерді Kazinform сарапшысына «Астана» халықаралық қаржы орталығының аға менеджері, тіл маманы Мәрлен Әділов түсіндіріп берді.
Тарихқа үңілсек, «теңге» атауы ортағасырлық «теңке» деп аталатын күміс монеталарынан шыққан, олардан орыс тіліндегі «деньга/тенька» монетасының атауы да шыққан. Қазіргі заманғы теңге ортағасырлық Қазақстанның ірі қалалары Отырар мен Тараздың дәстүрін жалғастырды, көне қалалардағы теңгелер XIII ғасырда соғыла бастады.
Фото: AIFC
Теңге ұлттық валюта болып бекітілгенге дейін біз тарих бойына сом, пұл, манат, динар, ділдә және тағы басқа ақша атауларын қолданып келдік. Солардың ішінде күні кешеге дейін сом терминіқазақ тілінде «жүз тиынға тең ақша, рубль» мағынасында айтылып келді. Алайда қолданыстан ығысты. Оған себеп те жоқ емес, өйткені Тәуелсіздігімізді жариялағанда біз көптеген ақша атауларының ішінен мың жылдық тарихы бар төл сөзіміз теңгені таңдадық. Ал бауырлас елдер Қырғызстан мен Өзбекстан ұлттық валюта ретінде рубльдің балама атауы сом терминін қалдырды. Түрікменстан мен Әзербайжан парсы тілінен кірме сөз манат-ты алса, Түркия итальянша лира сөзін қолдануды жалғастырды, – деді Мәрлен Әділов.
Тіл маманы аталған атаулардың әрқайсына жеке тоқталды. Оның айтуынша, теңге сөзі көне түркі тіліндегі дөңгелек мағынасындағы «теңерек» сөзімен төркіндес. Бірақ түбі «тең» сөзіне барады. Алтын Орда дәуірінде тіпті орыс тіліне тенька, деньга болып кіріп, көршілеріміз әлі күнге дейін деньги деп пайдаланып келеді.
Фото: AIFC
Ал, пұл сөзі парсы тіліндегі «ұсақ ақша, тиын» мағынасындағы пул дегеннен келген. Бізге парсылардан сауда арқылы жеткен. Ал Иранға көне грек саудагерлері обол деген тиынды жеткізген. Сол обол сөзі бірінші бол, сосын бұл, ең соңында пұл болып өзгерген. Абайдың өлеңдерінде бұл/бұлда деп те жазылғанын көруге болады. Ақша мағынасынан қымбат матаға ауысқаны да тарихта бар. Пұл қазіргі тілімізде жеке тұрып жиі жұмсалмайды, бірақ соңғы кездері жаңа терминдерге қосылып жүргенін жақсы білерсіздер, мысалы: айыппұл, өтемпұл, шайпұл, тіпті жөргекпұл дегендей, – деп атап өтті тіл маманы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через