фото: pexels.com
Шымкент қаласында екі қарттың көңілі жарасып, бас құрды. Қос ардагердің қуанышына орай демеушілер есебінен той жасалып, жақсы тілектер айтылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сілтеме жасап хабарлайды.
72 жастағы Рақымқұл Бегалыұлы мен 62 жастағы Найла Мұхаммедқызы осы қарттар үйінде танысып, бас қосқан.
Екеуі де № 10 әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына 2023 жылдың маусым айында келген.
Жыл соңына қарай қос ардагер үйлену жөнінде шешім қабылдап, 23 қазанда заңды некеге тұрған.
Фото: Шымкент әкімдігі
Бүгін қоғам белсендісі Самат Бекебаев демеушілердің есебінен дүбірлетіп тойын ұйымдастырып берді.
Тойға қарттар үйінің қызметкерлері, жұбайлардың замандас-құрдастары қатысты.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қуаныш иелерін үйлену тойымен құттықтап, деніне саулық тіледі.
Фото: Шымкент әкімдігі
— Бақытты болуға ниет еткен адамға уақыт кедергі емес екенін өздеріңіз тағы бір рет дәлелдедіңіздер. Көңілі жарасқан адам қандай кезде де бір-біріне сүйеу. Сіздерді бүгінгі шаттық күнмен құттықтай отырып, осы тойға атсалысқан барша жанға алғыс айтамын, — деді басқарма бастығы.
Айта кетсек, қазіргі таңда № 10 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 47 қызмет алушы бар. Оның 15-і әйел, 32-сі ер адам.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через