Сүт неге қымбаттай береді?

Сүт неге қымбаттай береді?

Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің мақсаты - алдағы уақытта ішкі нарыққа  сырттан келетін  сүт және сүт өнімдерінің көлемін барынша азайту. Бізде сүт жеткілікті көлемде өндіріледі.  Деректерге сүйенсек, елімізде сүт және сүт өнімдерін дайындайтын 250-ге жуық цех, зауыт бар. Шамамен жыл сайын елімізде 5 млн тоннадан астам сүт өндіріледі.  Ал енді дайын өнім қайда? Бұл ретте сала мамандары бізде ең соңғы дайын өнімге дейін жұмыс істеу жағы кемшін екенін алға тартады. Сарапшылардың айтуынша, шаруа қожалықтарының 90 пайызы жекеменшіктің қолында. Осыдан барып бізде шикі сүт өндіру көлемі үлкен болғанымен, одан дайын өнім өндіру жағы кемшін. Сондықтан болар, баға ырық бермей барады. Әрине, бұл жағдай қарапайым тұтынушының қалтасын қағары сөзсіз.

Бүгінгі таңда дүкенге сүт өнімдерін алуға барғандардың көңілі құлазып шығатын жағдайға жеттік деп айтсақ артық болмайтын шығар. Себебі елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік саналатын сүттің бағасы ай сайын өсіп жатыр.  Мәселен, қазан айында ағарғанның құны екі жарым пайызға қымбаттаған. Оған себеп те көп. Мәселен, ферма шаруалары соңғы жылда бағаны ұстап тұру мүмкін болмай жатқанын айтады. Өйткені жем-шөптің қымбаттағаны кесірін тигізуде. Сол себепті зауытқа былтыр сүттің бір литрін 150 теңгеден өткізсе, биыл 197 теңгеге көтеруге тура келіпті.  

 Малға тек жемшөп бермейсін. Тұз, калций, аралас қоспалар бар. Бәрі шетелден әкелінеді. Сол себепті шетел валютасымен ақша төленгендіктен, шетелден қымбат келеді. Ал елімізде тек жүгері, сүрлем, жоңышқа, арпа ғана егеміз. Үшеуі ғана. Толық емес. Елде толық азық базасы жоқ. Шетелден көп препараттар алынады. Бағжан Пірәлі, ферма қызметкері

Сиырлар арнайы аппаратпен сауылады. Жабдықтың бәрі толық автоматтандырылған, сондықтан адамның араласуын аса қажет те етпейді. Сол себепті сегіз сауыншы екі ауысымда жұмыс істейді. Фермада жалпы 920 сауынды сиыр бар. Ол күніне 20 тоннаға жуық сүт береді. Осылайша сүтті саууға адам аз жұмылдырылғанымен, ірі қараны баптап күтуге әр маманның көмегі қажет дейді шаруалар. Яғни туылғаннан бастап өнім бергенше, оны өсіру, жем-шөбін беру оңай шаруа емес. Сол себепті мемлекеттен берілетін көмек құнын өсірсе деген ниетте. Бұл мәселені Сүт одағындағылар да көтеріп отыр. 

Елімізде бәрі қымбаттап жатыр. Сүт бағасы да өскен. Мемлекеттен кәсіпкерлерге қолдау қажет. Баға одан әрі шарықтамас үшін ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау мөлшерлемесін қайта қарастыруы керек. Өйткені қазіргі белгіленген мөлшерлеме сүт саласындағылардың көңілінен шықпайды. Бұдан бөлек, дәнді дақылдардың құны да аспандап тұр. Дінмұхамед Айсауытов, Қазақстан сүт одағының өкілі.

Шаруаларға берілетін субсидия талабын тізіп берген министрлік мемлекеттен көрсетілетін көмек жеткілікті дейді. Оған биыл бюджеттен 18 миллиард бөлініпті.

Субсидиялау көлемі, қаражат 2.6-ға өскен. 2017 жылы 9 миллиард қарастырылған болса, биыл 24 миллиард. Оның ішінде сүт өндіруге 18 миллиард қарастырылған. Зәуре Хамитова, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің бас сарапшысы.

Инвестиция кезіндегі субсидиялау бағдарламасына сәйкес, инвесторлардың жабдықтар мен ауыл шаруашылық жануарларын сатып алуға, сондайақ құрылыс жұмысына жұмсалған шығынын 25 пайызға дейін өтеу қарастырылған.  Ал экономистер сүт өндірушілермен қоса шем-шөп егетіндерге де субсидия қарастырса дейді. Өйткені қымбатшылық дәл осы мал азығының аспандауынан туындаған.   

Егер жемшөп бағасы қолжетімді болса, сәйкесінше сүт бағасы да өспейді. Қымбатшылықтың туындауына ең алдымен әлемдегі болып жатқан жағдай себеп. Шетелдерде дәндідақыл бағасы бір жылда 50 пайызға дейін өсті. Яғни сыртқы факторлардың кесірінен сүт те, сүт өнімдері де бағасын ұстап тұра алмай жатыр.    Арман Байғанин, экономист.

Министрлік келтірген мәліметті ktk.kz жариялапты. Соған сүйенсек, субсидия ірі қарасы 50 бастан асқандарға беріледі екен. Оны кәсіпкерлер жеке мал басына есептегенде жеткіліксіз екенін айтып отыр. Сөйтіп сүтін зауыттарға шикізат ретінде жоғары бағада өткізуге мәжбүр. Ары қарай делдалдар арқылы сүт өнімдері дүкен сөрелеріне жеткенше тіптен қымбаттай түседі. Бір литрі 450 теңгеден бастап мың теңгеге дейін жетеді.

Бізде расымен бастапқы өнімді алу жағы орнықты жолға қойылғанымен,  шикі сүттен бөлек дайын өнім алу жағы ақсап тұр. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялағанындай, ол үшін бірінші кезекте еліміздегі өзін-өзін қамтамасыз ету межесі 80 пайыз болуы керек.

Фото: vsocs.ruvostok-moloko.kzmail.kz