Стенд атудан Азия чемпионатында еліміз қола ұтып алды Қоржында қола медаль. Алматы облысында стенд атудан Азия чемпионаты және рейтингілік гран-при өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге 6 елден 300-ге жуық спортшы жиналды. Жарыстың кезекті күні олар командалық сынның медальдарын сарапқа салды. Әсіресе қыздар арасындағы жарыста жерлестеріміз сәтті өнер көрсетті. Сәрсенгүл Рысбекова, Айжан Досмағамбетова және Мария Дмитриенко үштігі іріктеу кезеңдерінде алдына жан салмады. Ал финалдық сындар қорытындысы бойынша үшінші орынға тұрақтады. Алтын жүлде қытайлық, ал күміс кувейттік құрамаға бұйырды. Ерлер арасындағы аламанда да қазақстандық жігіттер жақсы нәтиже тіркеді. Бірақ жүлдеге сәл жетпей тоқтады. Қола медаль үшін бәсекеде Сауд Арабиясы командасына есе жіберді. Жекелей сында да бір қоламыз бар. Әйелдер арасындағы трап бәсекесінде жоғарыда айтқан Сәрсенкүл Рысбекова 17 ұпай жинап, Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Алматы облысындағы жарыстар 9 тамызға дейін жалғасады.
Қазақстан Моңғолиямен тең түсті
Үндістанның Ченнай қаласында шахматтан бүкіләлемдік олимпиада өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық қыздар Моңғолия құрамасымен жолықты. Нәтижесінде жерлестеріміз арасынан Ксения Балабаева ғана қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Ал Бибісара Асаубаева және Назерке Нұрғали өз кездесулерін тең нәтижемен аяқтады. Тағы бір қазақстандық Гүлісхан Нахбаева моңғолиялық Мунхзул Турмунхқа есе жіберді. Айта кетейік, ұлттық құрама үшін бұл 4-матчтар сериясы. Бұған дейін жерлестеріміз Бельгия, Перу және Гватемала командаларын жеңген болатын. Ал Қазақстанның ерлер құрамасы бұл жолы Марокко шахматшыларынан басым түсті. Әсіресе Қазыбек Нөгербек пен Арыстанбек Оразаев жеңісі жалпы нәтижеге кәдімгідей әсер етті. Бұған дейін жігіттер Қытайлық Тайпэй мен Ливанды жеңіп, Тәжікстан командасынан ұтылған еді. Шахмат олимпиадасының жалпы қорытындысы 10 тамызда белгілі болады.
«Астана» шабандозы 16-орында
Польшаның таулы-қыратты аумағында дәстүрлі велокөпкүндік өтіп жатыр. Жарыстың кезекті, яғни 3-кезеңінде спортшылар 238 шақырымды бағындырды. Нәтижесінде колумбиялық Игита Серхио топ жарды. Ол аталған аралықты 5 сағат 25 минуттта жүріп өтті. Ал қазақстандық клуб сапынан ең тәуір нәтижеге Самуэле Баттистелла қол жеткізді. Ол мәре сызығын 16-шы болып кесті. Ал жалпы есепте Баттистелла 19-шы болып тұр. Айта кету керек, Польша туры халықаралық велоспорт федерациясының ресми жарыстар күнтізбесіне кіреді. Жылдағы дәстүр бойынша ол 7 кезеңге созылады. Осы аралықта қатысушылар 1200 шақырымды жүріп өтулері керек. Биылғы бәсекенің жалпы қорытындысы 6 тамызда белгілі болады.
Ақпарат дереккөзі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через