Президент жастар кадр резервінің үздік ондығына кірген Әнуар Нұртазин Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығындағы жемқорлыққа қатысты айтқан мәлімдемесіне орай пікір білдірді.
Оның пайымынша, ауыл шаруашылығы мемлекеттік азық-түлік қауіпсіздігінің, тұрақтылығының, тіпті тұтастығының кепілі саналады.
Сонымен қатар ол халықты барынша жұмыспен қамтып отыр. Осы ретте фермелерлік дегеніміз ірі агрохолдингтен бастап жеке шаруа қожалыққа дейінгі 4 базалық құрылымды білдіретіндігін атап өткен жөн.
Бірақ, мемлекет тарапынан қарастырылған ауыл шаруашылығын қолдау субсидиясын негізінен ірі холдингтер алып отыр.
«Бұл орайда біз үшін шағын шаруашылықтарды немесе тіпті кішкентай шаруашылықтарды қолдау барынша тиімді екендігін түсіну өте маңызды. Олар осы уақытқа дейін мүлдем ешқандай субсидия алмады десек те болады. Бұл Интернеттің, ІТ-технологиялардың дендеп енуімен де байланысты. ІТ-салада әзірленетін барлық жүйенің күрделі екендігін, аутентификациялау, верификациялау және басқаларын жасауды талап ететіндігін түсінеміз. Ал малын қала үлгісіндегі елді мекеннен 30-40 шақырым шалғайдағы жайлауда не қыстауда бағып жүрген шағын фермелер жайында айтар болсақ, оларда интернет немесе ұялы байланыс тұрмақ электр жарығы да жоқ», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес өтті. Онда Президент ауыл шаруашылығы саласында белең алған жемқорлықты сынады.
«Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батып отыр. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, бұл батареялар ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Тіпті, кейде мемлекеттік органдардың өздері тікелей араласып, заңсыз әрекет жасаға», - деген еді ҚР Президенті.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через