фото: https://pixabay.com/ru/
Отандық асыл тұқымды сиыр шаруашылықтарындағы малдың 70 пайызы қолдан ұрықтандырылады.
Осы тәсіл қазір кең таралып келеді. Біріншіден, бұл – ең арзан әдіс. Бір дозаға 20 доллар жұмсайсыз. Екіншіден, ұрықты жынысына қарай сатып алуға болады.
Тағы бір тиімді тұсы – тұқым қуалайтын түрлі аурулардың алдын алады.
Алтынбек Жоланов басқаратын компания мал баққан ағайынға асыл тұқымды ірі қара ұрықтарын жеткізумен айналысады. 2012 жылы ашылған мекеме жылына 50 мың дозаға дейін ұрық сатады. Негізінен, Америка мен Еуропадан әкеледі. Сонымен қатар, шаруаларға асыл тұқымды малмен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретеді. Маманның айтуынша, қолдан ұрықтандыру – экономикалық тұрғыдан тиімді.
Қазір Үкімет Зеңгібаба тұқымын асылдандыруға баса көңіл бөліп отыр. Түрлі қолдау шаралары қарастырылған. Соның арқасында асыл тұқымды ірі қара басы жыл санап өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылы 344 мың болса, былтыр 1 миллионнан асты. Негізінен, қазақтың ақбас сиыры, герефорд, әулиекөл, симментал мен ангус тұқымдары өсіріледі.
Етті-сүтті сиырдың отандық тұқымын сатып алғанда – 150 мың теңге, ТМД мен Украинадан әкелгенде – 225 мың теңге төленеді. Ал Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен жеткізілген сиырларға 300 мың теңгеден субсидия беріледі.
Сүтті сиырларға келсек, отандық тұқымға – 200 мың теңге, ТМД елдері мен украиналық сиырға – 225 мың теңге, Аустралия, Солтүстік және Оңтүстік Америка елдері мен Еуропа елдерінен әкелінген сиырдың әр басына 400 мың теңге субсидия қарастырылған. Дегенмен мамандар асыл тұқымды малды алыстан тасымай-ақ, қолдан ұрықтандыруды барынша дамыту керек дейді.
Ауылшаруашылығы министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, қазір агроқұрылымдардағы ірі қараны қолдан ұрықтандырудың үлесі 70 пайызға жуықтайды. Бұл тәсілдің тағы бір тиімді тұсы – ұрықты жынысына қарай сатып алуға болады. Мәселен, сауын сиырды көбейткіңіз келсе, ұрғашы бұзаудың ұрығына тапсырыс бересіз. Оның үстіне, бір жынысты дозаға субсидия көбірек төленеді.
Қазіргі таңда билік алдында импортты отандық өніммен алмастыру міндеті тұр. Яғни шетелдік ұрықтың көлемін азайту керек. Елдегі етті сиырдың 60 пайызы қазақтың ақбас сиырына тиесілі. Мамандардың бұл тұқымның өнімі ангус пен герефордтан кем емес дейді. Мәселе – олардың қанын жақсартатын зауыттарды көбейтуде болып тұр.
Ғалымдардың айтуынша, қысы – қатал, шілдесі – шіліңгір қазақтың жері кез келген сиыр тұқымын өсіруге келмейді. Жем-шөп қорын да ескеру қажет. Мысалы, шығыстағы сүтті сиыр шаруашылықтары – симментал тұқымын өсіргені жөн. Солтүстік өңір қарала сиырға қолайлы. Ал Арқаның қытымыр қысына қырдың қызыл сиыры төзімді келеді.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через