фото: zhasalash.kz
Елiне асығып, туған жерiнiң топырағын иiскеу бақытына ие бола алмай жүрген қандастар қаншама. Олар қай жерде жүрсе де Отанына оралу мүмкiндiгiн күтуден еш жалығар емес. Standard.kz порталы шеттегі қазағымыз жайында сөз қозғайды.
Бұл - бар қазақты толғандырып жүрген маңызды тақырып. Өйткені, қазақтың үштен бірі сыртта жүр. 5 миллион деген үлкен сан. Үлкен сапа да осы халықпен бірге сыртта жатыр. Олардың қазіргі тағдыры қалай? Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір топ журналист Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерін аралап қайтқан.Солардың ішінде журналист Ертай Айғалиұлы да болған болатын. Сол кісінің әңгімесінен түсінгенміз тек Қытайға кіре алмаған. Сондағы байқағаны, Ресейдегі 1 миллион қазаққа бір қазақ мектебі бұйырмаған. Жастарын былай қойғанда, 40-50-дегі ересектердің өзі ана тілінен мақұрым қалған. Тіпті, есімдері де орыстанып кеткенін көргеніңде жүрегің ауырады. Тіпті, көбісі Абайдың кім екенін де білмейді, революционер деп ойлайды. Ресейлік 1 млн. қазақ қара орысқа айналып, жоғалып кетудің алдында тұр. Ал, Өзбекстанда жылына 9 қазақ мектебі жабылады екен. Яғни, өзбекстандық қазақтардың да жұтылып кету қаупі бар. Түркіменстанда да осы жағдай. Қытайда ашық қытайландыру жүріп жатқанын жақсы білетін шығарсыздар. Шетелде 5 млн. қазағымыз барлығына марқайғанымызбен, тағдырлары өте ауыр. Келер жиырма жылда сол қандастарымыздан айрылып қаламыз ба деп алаңдаймыз. Рас, көш арқылы талай бауырымыз атамекенімен қауышып жатқаны рас. Бірақ, бұл өте аз. Үкіметтің ырқына жүгініп отыра беретін болсақ, бұл көштің әлі талай ғасырға созылатын түрі бар.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкен, - Қазіргі шақта шеттегі қазақтардың біржола Отанға оралуы - қиын іс. Қытайда ресми дерек бойынша 1,5 млн., ішкі мәлімет бойынша 2 млн. қазақ бар деп жүрміз. Қазақстан құшағын айқара ашса да, олар үдере көшпеуі мүмкін. Себебі, өзге елдерде өзге ұлттың рухын жою үшін әр түрлі жұмыстар мейлінше терең түрде жүргізіліп жатыр. Ассимиляция барынша тез қарқын алды. Қытайда қазақ мектептерінің жабылып жатқандығын өз көзімізбен көрдік. Қытайдың халықаралық сауда ұйымына көшуіне байланысты ондағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық қамсыздандыруы жақсара бастағандай.Бұл жағы жолға қойылды. Тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік көмектер беріліп, зейнетақылар тағайындалды. Өзге ұлттардың тік қотарыла көшіп кетуі Қытайдың ішкі көші-қон жүйесіне тиімді болмаса керек. Оларға да халық қажет. Дүниеде өз ықпалын арттыру үшін өз халқының әлем алдында биік тұрғаны - қытайлықтардың мұраты. Сондықтан қандастарымызды біржола көшіріп ала қою қиын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через