фото: Фото: canva.com
Тіл игеру адам өміріндегі негізгі қажеттіліктердің біріне айналғалы қашан. Оқу, жұмыс, саяхат. Бұл тіл меңгерудегі мақсаттардың бір бөлігі ғана. Шет тілін кейбір адамдар өздігінен үйреніп жатса, бірқатары курстардың көмегіне жүгініп жатады. Оқу процесінде жаңа технологияларды да қолданған абзал. Мысалы, түрлі мобильді қосымшалар, ақпараттық-танымдық сайттар да көмекші құрал бола алады.
Жаңа тіл үйренудің қандай оңтайлы әдістері бар? Өзге тілде тез сөйлеп, оны түсінуге қанша уақыт қажет?
Әлемде қанша тіл бар?
Танымал Ethnologue (www.ethnologue.com) тілдер каталогындағы деректерге сәйкес, әлемде 7 168 тіл бар. Сарапшылар бұл көрсеткішті тұрақты деп қарастыруға болмайтынын, сан өзгеріп отыратынын айтады. Бүгінгі таңда тілдердің 40 пайызына жойылып кету қаупі төніп тұр. Себебі оларды күнделікті өмірде қолданатындар саны 1 мың адамнан аз. Тағы 23 тілді Жер шары халқының жартысынан көбі қолданады.
Дүние жүзі бойынша ағылшын тілінде 1 млрд 456 млн адам сөйлейді. Қытай тілін – 1 млрд 138 млн, ал хинди тілін 609,5 млн адам қолданады. Ең көп таралған он тілдің қатарында испан (559,1 млн адам), француз (309,8 млн), араб (274 млн), бенгал (272,8 млн), португал (263,6 млн), орыс (255 млн) және урду (231,7 млн) тілдері бар.
Әлемдегі геосаяси жағдайлар кейбір елдердегі тіл саясатына өзгеріс лебін әкелді. Мәселен, Duolingo (www.duolingo.com) шет тілдерін үйренуге арналған платформада орыс тілі ең танымал тілдердің ондығынан шығып, бір саты төмендеген. Сарапшылар мұны Ресейдің Украина жеріне басып кіруімен байланыстырады. Duolingo мәліметінше, 2022 жылдың ақпан айында 1,3 млн адам украин тілін үйрене бастаған. Әсіресе, Германия, Польша және Ирландия елдерінде сұраныс артқан. Бұдан бөлек аталмыш тілдер платформасында португал тілі сегізінше орыннан көрінсе, хинди тілі үздік ондықты қорытындылады.
Жаңа тіл үйрену мидың жұмысына қалай әсер етеді?
Осы уақытқа дейін дүние жүзінде тіл меңгеруге қатысты көптеген зерттеу жүргізілген. Мәселен, Мичиган университетінің зерттеу нәтижелері тіл үйренудің әртүрлі әдістерін қолданатын адамдар бір әдісті меңгергендерге қарағанда неғұрлым жоғары нәтижелерге жететінін көрсетті. Йель университетінің зерттеуі бойынша оқуға күніне жоқ дегенде 30 минут бөлетін адамдар тіл үйренуде біршама жақсы жетістіктерге жетіп жүр.
Мамандардың айтуынша, тіл игеру адамның зейінін арттыруда септігін тигізеді. Сондай-ақ ол мидың жұмысын жақсартып, деменция және Альцгеймер сияқты аурулардың дамуының алдын алуда көмектеседі.
Канадада жүргізілген зерттеу ерте жастан екінші тілді үйренетін балалардың әлеуметтік дағдылары неғұрлым жетік болатынын, кез келген жаңа жағдайларға тез бейімделетінін көрсетіп отыр.
Жалпы алғанда бұл тақырыптағы зерттеулер жаңа тіл меңгерудің адамға пайдалы екенін, әсірсе тұлғаның танымдық қабілеттеріне, әлеуметтік дағдыларына және мансабына оң әсер етуі мүмкін екенін байқатады.
Тіл мамандары күніне бастапқыда 10 сөзге дейін жаттаған жөн деп санайды. Себебі бірден 20 немесе 30 сөз деп алдыңызға мақсат қойсаңыз, біршама уақыттан кейін бұл тіл меңгеруге деген құлшынысты төмендетуі мүмкін, деп есептейді сарапшылар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через