Шет елден әкелінген көліктерді қыркүйектің соңына дейін Қазақстан аумағынан шығару керек

Шет елден әкелінген көліктерді қыркүйектің соңына дейін Қазақстан аумағынан шығару керек

              Алматы қалалық салық департаменті қыркүйектің соңына дейін шетелден әкелінген көліктерді Еуразиялық экономикалық одақтан шығару қажеттігін ескертті.

              Бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі пандемияға байланысты жеке тұлғалардың шет елден әкелген көлігін пайдалану мерзімін ұзартқан болатын. 2021 жылы 5 сәуірде қабылдаған № 25 шешімге сәйкес, ЕАЭО аймағына шетелден әкелінген көліктерді 30 қыркүйекке дейін жеке мақсатта пайдалануға рұқсат бар. Одан бөлек, кеңес шешімі бойынша одаққа тұрақты түрде көшіп келуші, босқын немесе мәжбүрлі түрде көшіп келуші мәртебесін алған шетел азаматтары үшін жеке мүлікті 18 айға салықсыз әкелуге рұқсат беру режимі тоқтатылған еді.

              Осыған байланысты салықшылар қыркүйектің соңына дейін шетелден әкелінген көлікті ЕАЭО аймағынан шығару қажеттігін еске салды.

             «Ондай көліктерді одақ аймағынан шығаруды сұраймыз. Ал осы санаттағы көлік 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін Еуразиялық экономикалық одақтан шығарылмаса, кедендік баж бен салықтарды толығымен төлеуге тура келеді», – делінген ресми хабарламада.