Шелегіңіз жақсылыққа толы болсын!

Шелегіңіз жақсылыққа толы болсын!
фото: pexels.com

Бір адам жайқалған бақшасы бар зәулім үй сатып алыпты. Жанындағы ескі үйде тұратын көршісі бұның бақытты өмірін көре алмай, күнде қақпасының алдына қоқыс толы шелегін тастап кетеді екен. Осы оқиға бірнеше рет қайталанады. Бір күні зәулім үйдің иесі әдеттегідей жақсы көңіл-күймен оянып, сыртқа шықса, есігінің алдында тағы да қоқыс толы шелек тұр. Жылы жымиған жақсы адам шелекті алып, қоқысын төгіп, ішін жуып, бақшасынан ең әдемі алмаларды теріп, шелекке толтырып, көршісінің үйіне беттейді. 
Келе жатқанын терезесінен байқап қалған іші тар көршісі: 
"Әп, бәлем! 
Шыдамың шегіне жетті ме?!, - деп, білегін сыбанып, ұрсысуға дайын болады.

Тек ақырын қағылған есікті ашқанда, ашулы емес, жылы жүзді көршісін, қолындағы алма толы шелегін көреді.

Абдырап:

- Бұны не үшін әкелдіңіз?, - дегенде, көршісі:
- "Кім не нәрсеге бай болса, сонымен бөліседі" емес пе, алыңыз", - деп, алмасын ұсыныпты.

Иә, жұмыр жердің бетінде бәріміз бір-бір шелекпен жүрміз. Ол шелекпен не тасып жүрміз, бір Құдайдың өзі біледі...

1) Жамандық па, жақсылық па?

2) Адалдық па, арамдық па?

3) Өсек пе, өнеге ме?

4) Өтірік пе, шындық па?

5) Шаттық па, мұң ба?...

Түйін:
Шелегіңіз жақсылыққа толы болсын!
Әрбір істеген игі ісіміз барлығымызға жақсылық әкелсін! 
Балаларымыз тату-тәтті, тыныш, бейбітшілік заманда өмір сүрсін!