Референдум кезінде эпидахуал нашарласа Ashyq қолданылады

Референдум кезінде эпидахуал нашарласа Ashyq қолданылады

Еліміздің бас санитар дәрігері республикалық референдум күні коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы жеке қаулы шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Референдумның 5 маусымда, яғни бір айдан кейін өтетінін ескеріп, сол күні бас мемлекеттік санитар дәрігердің коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары туралы жеке қаулысы шығатын болды. Әрине, бұл елдегі және өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайдың қалай өрбитініне байланысты болады», - деді еліміздің Бас мемлекеттік санитар дәрігері, Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова.

Эпидемиологиялық ахуал қолайлы болған жағдайда да үгіт-насихат кезінде қауіпсіздік шаралары сақталуы керек.

«Егер эпидемиологиялық жағдай күрделене түссе, қосымша карантин шаралары енгізіледі, яғни вакцина немесе ревакцина алған аумақтық референдум комиссиясы мүшелері ғана сайлау учаскелеріне жіберіледі. Эпиджағдайдың асқынуы кезіндегі тағы бір қосымша шара – учаскеде Ashyq жобасын міндетті түрде пайдалану. Инфекция жұқтырған адамдар учаскелерге кіргізілмейді», - деді бас санитар дәрігер.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 5 маусымда өтетін республикалық референдум комиссияларының қызметі туралы қаулы қабылдады.

Үгіт жұмыстары референдум тағайындалғаннан сәтте басталып, дауыс берудің аяқталуына бір күн қалғанда, яғни 2022 жылы 4 маусымда сағат 00.00-де аяқталады.

Фото? kaz.nur.kz