фото: ашық көздерден
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша былтыр әлемде қызылшаның 155 мыңнан астам жағдайы тіркелді. 2023 жылдың басында қызылша ауруы жақын шет елдерде Украина, Қырғызстан, Ресей Федерациясында байқалады.
Қазір елімізде қызылша ауруына шалдыққан тұрғындар аз емес. Бұл мәселе еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Оның себебі де бар. Көпшілік арасында одан сақтануға селсоқ қарайтын азаматтар бой көрсетіп жатады. Осы мақсатта сала мамандары қандай кеңес береді? inform.kz Қызылорда облыстық Санитариялық-эпидемиологияляық бақылау департаменті Инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Әлия Ыдырысованы әңгімеге тартқан еді.
– Қызылша ауруының көбеюіне қандай жағдайлар себеп болады? Тұрғындар қандай сақтық шараларына көңіл бөлгені жөн?
– Қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тек біздің елімізде емес, бүкіл әлемде күрделеніп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оның себебі ретінде коронавирус пандемиясы салдарынан халық арасында қызылша ауруына қарсы вакцинациялау барысының әлсіреп кеткенімен түсіндіреді. Оған қоса екпеден бас тартқан адамдар саны артқан. Жалпы, ұжымдық иммунитет бәсеңдеген сайын ауру жұқтырып алу қаупі күшейе түседі. Қауіп тобына екпе алмаған, иммунитеті әлсіз адамдар енгізіледі.
Қызылша – қызба, интоксикация, дақты-папулалы бөртпе, энантема, конъюнктива және жоғарғы тыныс жолдарының зақымдалуымен сипатталады. Жедел вирустық инфекциялық ауру адамнан адамға ауа тамшысы арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауырған адаммен тіпті қысқа уақыт қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыру қаупі өте жоғары.
Ауру адаммен байланыста немесе қасында болғаннан кейін он күннен соң суық тию белгілері басталады. Атап айтқанда, белгілері ретінде дене қызуы, тұмау, көздің қабынуы және жөтелді айтуға болады. Ауру уақыт өткен сайын асқына түседі. Ауыз іші қабынып, ісініп, іш өтуі мүмкін. Ал 2 немесе 3 күннен кейін ауыздың шырышты қабығында тұздың жартысындай кішкентай ақ дақтар көріне бастайды. Одан кейін 2 немесе 3 күн өткен соң құлақта және мойында, сосын бетте және денеде, ең соңында қол мен аяқта бөртпелер пайда болады. Денеге бөртпелер шыққаннан кейін баланың жағдайы әдетте жақсарады. Ол 5 күннің ішінде шығып болады.
– Қызылша қандай аурулардың көбеюіне әсер етеді?
– Қызылша пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынуларымен қауіпті. Медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қызылшамен қатар басқа аурулар болған жағдайда бұл асқыну өлімге әкелуі мүмкін. Катаральды құбылыстармен (қызба, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгісі және бөртпе пайда болған кезде дәрігермен кеңесіп, оның барлық ұсынымын орындау керек. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан дәрігерге уақытылы барған жөн. Жіті респираторлық аурулардың белгілері бар балаларды мектепке дейінгі ұйымдар мен мектепке жібермеу керек.
– Одан қорғанудың ең тиімді жолы қандай?
– Қызылшадан ең тиімді қорғану жолы – уақытылы вакцинация. Ол Ұлттық екпелер күнтізбесіне енгізілген, екпе тегін жүргізіледі. Балаларға қызылшаға қарсы алғашқы егу 1 жасында және қайта егу (ревакцинация) 6 жасында жүргізіледі.
Індеттік көрсеткішке сәйкес вакцинация науқаспен байланыста болған 30 жасқа дейінгі екпе алмаған (егілмеген, толық егілмеген, егу сатусы белгісіз) азаматтарға қызылшамен ауырған науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірілмей жүзеге асады. Вакцинация үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамық пен паротитке (ҚҚП) қарсы компонентпен қоса қолданылады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через