Қытай көліктері әлемді жаулайтын түрі бар

Қытай көліктері әлемді жаулайтын түрі бар
фото: tvoe-avto.com

Сарапшылардың болжамынша 2023 жылдың соңында Қазақстанда сатылған Қытай автокөліктерінің үлесі 15%-дан асып кетуі мүмкін (2022 жылы қазақстандық диллерлер 123778 автокөлік сатты). Бұл көрсеткішке жетуі үшін жыл соңына дейін елімізде 18 566 қытайлық авто сатылуы керек. Әзірге көрсеткіш артығымен орындалып отыр. 

Қаңтар мен наурыз аралығында елімізде 37,3 мың автокөлік саудаланды. Оның ішінде Қытайда шығарылғандардың үлесі 17,7% құраған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қытай автокөліктері Қазақстанның автонарығын құлдыратты. "Қазақстанның электрокөліктерге көшу жоспары 2023 жылы Қытай автокөліктерінен басталды" деген сөз қоғамда жиі айтыла бастады. Алайда әлемдік автонарыққа шолу жасасақ қытайлық автоөндірушілердің "қарамағына" тек Қазақстан ғана ілінбегенін байқаймыз және елімізде көршінің көлігінің көбеюіне әдемі дизайны, мықты мультимедиасы мен бағасы ғана себеп емес.

Сарапшылар мұны Қытай 2015 жылы іске қосқан Made in China 2025 бағдарламасы қарқынды іске асырыла бастағанымен байланыстырады. Бұл жоба аясында қытайлық көліктердің өндірісі мен сатып алу мемлекет тарапынан субсидияланады. Оның ішінде электрокөліктердің өзі мен аккумулятор сияқты бөлшектеріне бөлек көмек қарастырылған. Мысалы, ұзақ қашықтыққа қатынауға мүмкіндік беретін батарея шығарушылар мемлекеттен жеңілдетілген несие алады. Бұның "нәтижесі" – әлемдік автонарық аспан асты елінде шығарылған көлікке тола бастады. Ал Пекин үшін еліміз Еуропаға шығатын негізгі маршрут екені анық.

Бұны ресми деректерде айқындайды. Мәселен, Еуропаға тасымалданатын қытайлық көліктің 85%-ы Қазақстан арқылы өтеді. Өзбекстан, Қырғызстан сияқты көршілермен қатар Қазақстанда да қытайлық көліктер ең арзандардың қатарында. Ресейлік БАҚ-тың жазуынша біздің елмен салыстырғанда оларда баға 15-40% қымбат. Мысалы, Geely Coolray көлігінің Comfort мен Flagship жиынтығы Қазақстанда 12,5 млн теңге шамасында сатылады. Ал Ресейде 500 мыңнан астам рубльге қымбат, 2 млн рубль шамасында.

Осы және басқа да факторлардың әсерінен әлеммен бірге Қазақстанда да қытайлық көліктердің үлесі соңғы 5 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келеді.

Қазақстандық автобизнес қауымдастығының дерегінше 2019 жылы 1304, 2020 жылы 2066, 2021 жылы 4019, 2022 жылы 12,5 мың көлік әкелінсе, биылғы жылдың алғашқы 5 айында ғана 16 333 авто жеткізілген.

Сондай-ақ, нарықтағы маркасы да көбейген. 2022 жылы 8 бренді сатылса, биыл олардың саны 9-ға жетті. Қазіргі кезде автонарықта Geely, Chery, Changan, Exeed, Haval, JAC, Jetour, FAW, Hongqi сынды маркаларды жолықтыруға болады. Бұдан бөлек биылғы желтоқсанда ресми сатыла бастайтын, бұған дейін "сұр" диллерлер ғана жеткізіп келген Zeekr суббрендтер бар. Бұл электрокөлікке сұраныс жоғары, сондықтан қазақстандық компания ресми диллер ретінде келісім-шарт жасады. Ал сол тұстағы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Бейжіңге барып Қазақстанда бірлескен зауыт ашу туралы келіссөз жүргізді. Қазір қазақстандық бірнеше компания қытайлық көліктердің ресми дистрибьюторы. Олардың кейбірі бірлескен зауыт ашуға да қол жеткізген. 2025 жылға қарай  Chery, Changan, Haval көліктері өз елімізде құрастырылады.

Қытай көліктерін ең көп сатып алушы – Ресей

Қытай автоөндірісінің қарқыны Қазақстанда ғана емес, соңғы 5 жылда бүкіл әлемде сезілуде. 2019 жылы Қытай әлемге млн-ның айналасында көлік сатса, 2022 жылы 27,06 млн көлік шығарып, 26,8 млн көлік сатқан. Оның 7,06 млн-ы электрокөліктер. Ал биылғы 1 тоқсанда ғана Германия мен Жапонияны артқа тастап, 1,069 млн көлік сатқан. 2023 жылдың 1 жартыжылдығында 2,3 млн көлікті экспорттады.  Оның 800 мыңы немесе 34%-ы электрокөлік. Ең көп экспорттаушылар қатарында көршіміз Ресей (16,8%), Ұлыбритания 7,7%, Испания - 5,2%,  Бельгия (5,1%) мен Мексика (4,9%) бар.

Биылғы жылдың 1 жартысында Ресейде барлығы 397 894 жеңіл және жеңіл коммерциялық көлік сатылған. Оның 170 710 немесе жалпы сатылған көліктің 43%-ы қытайлық автоөндіріс. Көрші елде қытайлық 43 брендтің 169 түрі сатылады. Сол арқылы ресми Пекин ай сайын 1 млрд доллардан немесе 100 млрд рубльден аса пайда тауып отыр.

АҚШ төтеп тұр, Еуропа әлсіз қарсылық білдіруде

Әзірше Қытайлық көліктерге төтеп беріп тұрған нарық АҚШ қана. Олар Қытайдан көлік кіргізуге қатысты алымды көлік құнының 27,5%-ына жеткізген. Сондықтан америкалықтарға  өзін дәлелдеп үлгермеген China -лыққа қарағанда өз елінде шығарылатын Tesla-ға үміт арту арзан болып тұр. Айтпақшы, Tesla қытайдың өзінде де сатылым жағынан көш бастап тұр. Мысалы, 2022 жылы қытайдағы зауытта шығатын Tesla Model Y -нің 771,30 мың данасы сатылған. Одан кейінгі орында BYD Song Plus. Оның 477,09 данасы сатылған. Үшінші орында тағы бір Tesla Model 3, қытайлар оның 476,34 мың данасын алған.

Jato Dynamics зерттеуінше, Еуропа елдерінде негізінен электрокөліктер мен гибрид сұранысқа ие және олардың көлемі көбейіп келеді. 2020 жылы қытайлық электрокөліктердің Еуропа нарығындағы үлесі – 1,1%, 2021 жылы – 2%,  2022 жылы  – 4,2% болса, 2023 жылдың бірінші жартысында ғана 5,6%-ды құраған. Еуропалықтарды арзандығы, толық жабдықталуы қызықтырады. Алайда бұл "Кәрі құрлық"  өндірушілеріне аса ұнамайды. Бәсекелестікке қатысты шағым көбейген соң биылғы 13 қыркүйекте Еурокомиссия Қытайдың ішінде электрокөліктерге берілетін субсидияға қатысты тексеру бастады. Олардың пікірінше, бұл бағаны әдейі төмендетуге әкеледі. Сол арқылы еуропалық өндірушілерді  қорғау ниеті барын да байқатты. Алайда оның нәтижесі қалай болары белгісіз.

Соған қарамастан ЕО-да "Made in China" көліктерінің саны артуда. Қытай тарапы бұған қарсы еуропалық автоөндірушілерді сатып алып, жеке зауыттарын салу арқылы күресуде. Мысалы, Geely  Volvo-мен бірге Polestar брендін шығаруда.

Stellantis сарапшылары қытай бұл бағыттағы жұмысын жалғастырады, деп есептейді. Олардың пайымынша, қытайлық өндірушілер еуропа нарығын жаулап алу үшін өз құнынан төмен, шығынға бату жолымен сатуға дайын. Rhodium консалтингтік компаниясының есебінше, өткен жылы қытайлық компаниялар Еуропада электрокөліктер экожүйесін дамыту үшін 24 млрд доллар салған. Бұл Қытайдың Еуропаға салған тікелей инвестициясының жартысын құрайды. Сондықтан жақын ел бізді айтпағанда Еуропаның өзі "Аспан асты елі" автоөндірісінің тегеурініне төтеп бере алмайтын сынды.

Жалпы қытайлық автоөндірісшілер 2023 жылы 4  млн көлікті экспорттауды жоспарлаған. Алайда бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жоспарларын 5 млн көлікке арттырды. Осылайша 2023 Қытай автокөліктерінің әлемді жаулауды бастаған жылы деуге болатын сияқты.

Әлі де сенімге ие болған жоқ

Алайда арзан баға, мықты мультимедиа, әдемі дизайнмен әлемді таңқалдырған қытайлық көліктер әлі де сенімге ие болып үлгерген жоқ. Жаңа маркалардың көпшілігі 2022-23 жылдары ғана нарыққа енгенін ескерсек,  сапасы, төзімділігі, бөлшектерінің қолжетімділігі қаншалықты болатынын тап басып айту қиын.

Фото armand-auto.ru.