фото: Pixabay
Әлемге әйгілі данышпан Конфуций өзінің бір жазбасында «мейірім мен махаббат жоқ жерде өмір сүрмеген абзал» деп жазған екен. Ойшыл тұлға «өмір сүрмеген абзал» деген пікірімен ешкімге де ортадан кетіп қалуды меңзеп тұрмаған болар. Ол адамзатты қоғамда мейірім мен махаббат орнатуға шақырып тұр. Бүгінде қоғам қатігезденіп бара жатқаны рас. Адамзат телефон мен теледидарға телмірген кезеңде өмір сүріп жатыр. Ата-ана баласымен бір дастарқанда отырып әңгіме-дүкен құрып шәй ішуі мұң болып қалды. Бір шаңырақтың астында тұрып жатып бір-бірлерінің жәй-күйінен хабарсыз, мылқау, меңіреу болуға айналған. Содан да қоғамда қатыгез ұрпақ тәрбиеленіп келеді. Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттілік, төбелес, тіпті кейбір жағдайларда айуандық әрекеттер де көрініс беріп қалып жатыр. Бұған көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан технология заманын кінәлауға бола ма?
Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері ұстанған Ислам діні бізді ең алдымен мейірімді болуға шақырады. Ал мейірімнің адам бойына сіңісті болуы отбасындағы тәлім-тәрбиеге, ата-ананың балаға көрсететін үлгі-өнегесіне байланысты.
Баланың қателігіне бірінші кезекте ата-ана жауап беруі қажет. Алайда ешкімде баласына «жаман бол» демейді. Бірақ көп ата-ана баласын бақылаусыз қалдырады, тәртібіне мән бермейді, олар үшін уақыт бөлмейді. Сосын бақылаусыз бала бассыздыққа барады. Сөйтіп жүріп құқық бұзады, қылмысқа ұрынады.
Хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген өлеңі бар. Егер біз, адамзаттың бәрін сүйіп, бәріне мейіріммен, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарай алсақ, онда бүгініміз шуақты, ертеңіміз нұрлы болады. Шуақ пен нұр жанымызға жақсылық ұялату үшін өзіміз мейірімді болайық. Ал дөрекі сөз, ғайбат, өтірік, қатыгездік өмірімізді астан-кестен етеді. Сол үшін де жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, барынша көркем мінез танытуға тиістіміз. Баламыз көркем мінезді болуы үшін өзіміз көркем мінезді болуымыз қажет. Сонда ғана жастар арасындағы топтық төбелестер, әлімжеттік, үлкеннің кішіге «салық» салып, үстемдік құрғысы келетін заңға қайшы іс-әрекеттері азаяды.
Соңғы кездері мектеп жасындағы бүлдіршіндер өз-өзіне қол жұмсап, бесіктен белі шықпай ажал құшқандар саны көбейді. Өмірлерін енді ғана бастаған жас ұрпақтың осылай оп-оңай жарық дүниемен қоштасуларына не себеп? Бүгінде әрбір оқушының қолында бір-бір телефон. Олардың ғаламтордан нені көріп жүргендері бақылаусыз қалды. Мәселен, америкалық зерттеушілердің пікірінше, балалар мен жасөспірімдер телеаудиторияның ең белсенді көрушілері екен. Әрбір бала шамамен өз уақытының 30 пайызға жуығын экранның алдында өткізеді.
Ғалымдар жас бүлдіршіндердің мектепке барғанша орта есеппен 5 мың сағат, мектеп бітіргенше 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын дәлелдеген. Яғни, бір күнде балаларымыз орта есеппен 17 өлім, 37 мейірімсіздікке толы көріністерді көреді екен. Мұндай хабарлар балалардың дүниетанымының, логикасы мен психикасының қалыптасуына теріс әсерін тигізері сөзсіз. Соңғы уақытта мектептегі әлімжеттік әрекеттері жиілеп кетті. Рас, әлімжеттік ертеден-ақ бар. Десе де, дәл бүгінгідей жауыздыққа, қатігездікке бара қоймайтын. Қазақта жақсы сөз бар: «Қызға қырық үйден тыйым, ұлға отыз үйден тыйым» дейді. Алайда бүгіндері сол атадан қалған баталы сөздің ешқандай мәні қалмағаны айқын сезілуде. Бүгінде, оқушылардың арасындағы кикілжіңдер мен адам шошитын әрекеттерді көргенде жағаңды ұстайсың. Мектеп қабырғасындағы әлімжеттіктің туындау себебі неде? Оған кім кінәлі? Қалай оның алдын алуға болады? Әрине, бұл сұрақтардың жауабы бала тәрбиесінде. Қоғамның назарына ілігіп, ата-аналарды елеңдетіп отырған өзекті мәселе. Мектеп басшылары болған жағдайларды жасырып, мектептің, қала берді өздерінің тыныштығын ойлайды.Алайда «ауруын жасырған өледі» демекші, бүгінгі дерт меңдеп, күрмеуі қиын мәселеге айналды.
Қазіргі таңда қоғам үш топқа бөлінген-бай, орташа, кедей. Бұл жағдай мектеп қабырғасында да орын алған. Олай дейтініміз, кейбір мұғалімдер оқушының ата-анасының әлеуметтік жағдайына қарап баға қояды. Әлбетте, үнемі мұғалімнің қолдауында жүрген байдың балалары өздерінен кейінгі сатыда тұрған балаларға менсінбеушілікпен, кемсітушілікпен қарайды. Соның салдарынан оқушылар арасында түрлі қылмыстар мен бопсалау әрекеттері кең етек алуда. Мұғалімнің бай баласына иіп тұратынын көрген оқушының ішінде реніш, өкпе туындайтыны сөзсіз. Көкейдегісін жасыра алмайтын періште-көңіл ақыры эмоциясын сыртқа шығарады. Ақ пейіліне жасалған қиянатқа жауап қайтару және өзінің ешкімнен кем еместігін дәлелдеу үшін сәби жүрегі сергелдеңге түседі.
Қазақстандық қай мектептепті алып қарасаң да, әлімжеттік пен суицид фактілері өршіп тұр. Осы тұрғыдан психологтар жаппай келген нәубетке көбіне мектептегі бопсалау фактілері себеп болатынын айтады. Әрине, әлімжеттіктен, күнделікті бопсалаудан мезі болған бала амалсыз өзіне қол жұмсайды. Онымен қоса, білім беру жүйесіндегі бағалауда балалардың суицидке ұшырауының басты себептерінің біріне айналды. Соңғы кезде еліміздің барлық аймақтарында оқушылардың мектепке суық қару, электрошокер, атыс қаруларын әкеліп, зорлық-зомбылық, әлімжеттік жасау оқиғалары жиілеп кетті. Сонымен қатар, тесттен өте алмай өзіне қол жұмсағандар жетіп артылады. Соңғы 1-2 жылда қайткен күнде жақсы баға алып, мектеп көрсеткішін көтеру керек деп балаларға психологиялық салмақ артылғаны тағы бар.
Өткен жылғы есеп бойынша елімізде 237 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған. Бұл көрсеткіш тек құзырлы органдарда тіркелген ресми мәлімет қана. Сондай-ақ, жария етілмей қалған жұмбақ өлімдер де аз емес. Ертеңімізге үрке қарап, «қайда барамыз, кім боламыз?» деген сұрақтың төңірегінде еріксіз ойлануға мәжбүрміз. Егер артымызда бұғанасы берік, қанаты қатайған және елім дегенде еміренетін ұрпақ қалсын десек, нақты іс-әрекетке көшейік. Ата-ана баласын үйінде мейірім мен махаббатпен тәрбиелеуге тырысса, сол мейірімнің жалғасы мектеп қабырғасында ұстаздардан табылуы тиіс. Әрбір оқушының бойына ұлттық мінез-құлық пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру ұстаздың парызы.
Бүгінде жасөсіпірімдер арасындағы әлімжеттілік – буллинг деп аталады. Ол жәбірлеу, кемсіту, мұқату дегенді білдіреді. Бұл – кез келген баланың басынан өтуі мүмкін құбылыс. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметтеріне сүйенсек, әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны не қатысушысы болады.
Соңғы уақытта әлемжеліде балалар арасындағы әлімжеттікке қатысты бейнежазбалар шарлап жүр: Өскемен қаласындағы қыздар төбелесі, Алматы облысындағы екі баланың қайтыс болуы, Түркістан облысындағы оқушы қыздың өлімі… Балалар арасындағы жәбірлеу жағымсыз көрініске айналып бара жатқаны жанға батады. Бұл – қоғамға ортақ қасірет.
Балалар мәселесі – Президент назарында
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев «Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыс жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады,-деген болатын.
Осы орайда, министрлік тарапынан балалар мен ата-аналарға жедел көмек көрсету үшін «Бала қорғау» телеграм-чаты құрылды.
Депуттар да үндемей қалмады. Парламент мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы мектепте арнайы инспектор болғанда ғана іштегі тәртіптің жақсаратынын тәжірибе көрсеткенін мәжілісте жеткізді. Сондықтан «мектеп инспекторларын қайтару керек» деген пікірін ортаға салды.
Ал депутат Аманжол Әлтаев телеарналарда балалар мен жастардың санасына теріс әсер ететін, рухани-тәрбиелік маңызы жоқ хабарлардың эфирге шығуына жол бермеу керек, кинозалдарда жасөспірімдердің санасына теріс әсер ететін кино өнімдерін көруге тыйым салу қажет. Есесіне танымдық, тағылымдық мағынасы бар сапалы хабарларға мән берілуі шарт деген пікір білдірді.
«Қоғам жауапкершілік танытуы керек»
Отбасы психологы Айнұр Ділдебаеваның ойынша, қазір ертеден негізі қаланған отбасы институты, бала тәрбиесі институты құлдырап тұр дейді.
«Жалпы заман тез өзгеріп, эволюцияға көп адам ілесе алмай қалды. Құндылықтар өзгерді. Ол дегеніміз ата-аналар өздері қандай тәрбие беру керегін, тіпті балалармен қалай сөйлесуді де білмейді. Әлемжелідегі толассыз ақпарат ағыны ата-аналарды да дағдарысқа ұшыратты. Балаға қайтсе дұрыс тәрбие берсе болады?- деген сұрақ ата-аналарды да мазалайтыны рас.
Қаттылық танытсақ, бала өз замандастарынан қорлық көріп ынжық болып қала ма, жұмсақ болсақ, басыма шығып кете ме дегендей... Күнкөріс қамымен, жұмысбасты болып жүрген, сәйкесінше бала тәрбиесіне мүлде уақыты жоқ ата-ана қаншама. Шынтуайтында көп жағдайда бала өз бетімен өсіп жатыр» дейді мамандар.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді. Бала біздің болашағымыз, мемлекеттің тұғырын ұстайтын өскелең ұрпақ, ендеше ұрпақ тәрбиесіне ата-ана, мектеп ұстаздары, қоғам болып атсалысу парыз деп ойлаймын.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через