фото: aikyn.kz
Қазақта “Шебердің қолы алтын” деген сөз бар. Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі - қолөнер. Ежелден бері ағаштан, темірден көз жауын алатын неше түрлі бұйымдар жасаған.
Тұмарша – сәндік үшін омырауға тағатын үшбұрышты, салпыншақты күміс бұйым.
Мандайша – сәукеле секілді баскиім мандайына тағатын, көз орнатылған күміс бұйым.
Сақина – саусаққа салатын, әртүрлі үлгіде күмістен, алтыннан, т.б. металдан соғылатын бұйым.
Танакөз – шар тәрізді күміске тастан көз орнатылған түйме тәрізді сәндік бұйым.
Өңіржиек – салпыншақтар тағып, үзбелеп жалғаған, омырауға сән беретін, түрлі түсті тастардан көз орнатылған әсемдік алқалар тізбесі.
Үкіаяқ – үкі тұяғына ұқсатып, күмістен соғатын, төменгі жағына бірнеше салпыншақтар тағылған бұйым.
Көз отаға – күміске орнатылған бармақтай асыл тас. Бас киімге, батырлар дулығасына қадалған.
Кемер – белбеу негізі былғарыдан тігіліп, алтын, күміс әшекейлермен, өрнек-нақышпен бедерленген аса қымбат белбеу.
Қын – кемер белбеумен бірге тұратын, пышақ салынатын әшекейлі, былғары бұйым.
Оқшантай – ішіне шағын зат салатын, кемер белбеуге өткізілген әшекейлі былғары қалта.
Қапсырма – қамзолына тағылатын, түйме қызметін атқаратын жалпақ күміс бұйым.
Шекелік – сәукеле, тақия, т.б. баскиімге тағылатын бұйым.
Шаштеңге – қыздардың өрілген шаш ұшына тағылатын, жібек бау өткізілген күміс бұйым.
Шолпы – шашқа тағатын, қымбат бағалы, сылдырмақты бұрым сәнін келтіретін, алтыннан, күмістен жасалатын бұйым.
Шашбау – қыздар шашымен қоса өріліп, моншақты, зерлі күміс шынжырлы әсемдік бұйым.
Шашқап – шашты күннен, шаң-тозаңнан қорғайтын, қымбат матадан жасалып, сырты түрлі моншақ жапсырмалармен безендірілген бұйым.
Сырға – құлаққа тағатын сәнді асыл бұйым. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрі болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через