Қазақстанға жеңілдетілген автонесие бағдарламасы дәл қазір керек емес. Маман пікірі.

Қазақстанға жеңілдетілген автонесие бағдарламасы дәл қазір керек емес. Маман пікірі.

Елімізде халық көптен күткен  жеңілдетілген автонесие беру ісі  басталды. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының мәліметінше, алғашқы бір тәуліктің ішінде ел бойынша дилерлік орталықтарға 14 000-ға жуық адам жүгінген. Бағдарлама іске қосылған сәттен бастап call-орталықтарға қажетті жиынтықтың жоқтығына байланысты 12 шағым, ұзын-сонар кезекке 54 шағым, автокөліктің салонда болмауына 25 шағым келіп түсіпті. Осыдан барып азаматтар арасында «алдын ала жарияланған бағдарлама неліктен жан-жақты ойластырылмаған» деген сұрақ туындады.

Жалпы бізге жеңілдетілген автонесие керек пе? Бұл сұрақты Standard.kz тілшісі экономист, сарапшы Жасұлан Күшебаевқа қойған еді.

 - Жалпы бізге жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы керек пе?


- Жеке пікірімді білдірсем, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының дәл қазіргі таңда Қазақстанға қажеті жоқ деп ойлаймын. Үкімет аталған жобаны ұсынар кезде бағдарламаның экономикалық негізін толық зерттемеген секілді. Халықтың утилизация алымына қатысты талабын толық орындамағаннан кейін жұрт көңілін аулау мақсатында ойластырған жоба секілді. Біріншіден, үкімет жеңілдетілген автонесие бағдарламасы бойынша халыққа шамамен 60-70 мыңдай автокөлік ұсынып отыр. Елімізде экономикалық белсенді 11 млн азамат болса, бағдарлама сұраныстың тек 0,1 пайызын  қанағаттандырмақ. Бұл жерде билік 60-70 мың тұрғынның ғана қажетін қанағаттандыру арқылы көпшіліктің әлеуметтік наразылығын тудырып алуы  ықтимал. Себебі, халық аталған бағдарламаның кез келген адамға қолжетімді емес екеніне көзі жеткен соң, үкіметке деген сенімін жоғалтады. Билік ізгі ниетпен халыққа қамқорлық жасаймын деп, керісінше абыройынан айырылуы мүмкін.

Екіншіден, бұл азаматтардың жекелеген санатын қолдауға емес, жалпы халыққа арналған бағдарлама екенін ұмытпауымыз шарт. Сондықтан ол әділетті, барлығына қолжетімді  болуы керек. Берілетін автокөлік саны шектелгендіктен «бармақ басты, көз қысты» дегендей, жемқорлық әрекет қылаң беруі мүмкін. Себебі, ұсынылатын көліктер толық дайын емес.

Үшіншіден, бұл көліктің қымбаттауына алып келеді.  60-70 мың адамға арналған жоба млн-даған тұрғынды көлікті қымбат бағамен сатып алуға итермелеп отыр. Не үшін? Өйткені, сатушылар көлікке сұраныстың күрт артқанын аңғарды. Ал сатылатын көлік тапшы. Мұндай жағдайда зауыттағы өнімнің де бағасы шарықтап шыға келеді. Бұдан бөлек, қолданыстағы көліктердің де құны да, автоматты түрде өседі. Айналып келгенде, осының салдары қарапайым азаматтардың қалтасына салмақ салады. Мұның экономикалық жағынан теріс жағы да бар. Мемлекет тарапынан осындай жеңілдетілген несиелер, субсидиялар берілсе, инфлияцияның онан сайы өсуі ғажап емес. Бұған дейін Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін ипотекамен берілетін Тұрғын-үй бағдарламаларын тоқтату керектігі жөнінде ұсыныс айтқан. Өйткені мұндай қадам баспана бағасының көтерілуіне  белгілі бір деңгейде ықпал ететіні байқалған. Бірақ соған қарамастан, инфляцияны тоқтатуға бет бұрған үкіметіміз, еліміздің бас банкі, енді жеңілдетілген автонесиені жүзеге асыру үшін тағы қаражат бөліп жатыр.

2027 жылға дейін жеңілдетілген автонесиеге 250 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Мемлекет бюджетінен 150 миллиард, ал "ӨКМ Операторы" кәдеге жарату төлемінен 100 миллиард жұмсалады.   "2022 жылы мемлекет бюджеті тарапынан бастапқыда 30 миллион теңге бөлу көзделіп отыр. Келесі жылы 45 миллиард, 2024 жылы 50 миллиард беріледі", - делінген ИИДМ хабарламасында.

Айналып келгенде үкіметтің бдұл саясаты өз шешімдеріне қайшы келіп отыр. Ипотекалық тұрғын-үй бағдарламасын тоқтатады, есесіне жеңілдетілген автонесиені үлестіреді. Сонда жаңа 60 мың темір тұлпардың тізгінін тартқан санаулы азамат үшін 18 млн халық зардап шекпек. Инфляция дегеніміз не? Күнделікті тұтынатын азық-түліктің, халық жиі жүгінетін қызмет ақысының өсуі. Бұл керек пе? Егер жаңа көлікті несиесіз сатып алуға азаматтарымыздың шамасы жетпесе, онда үкімет утильалым мөлшерін, басқа да шектеулерді азайтып, халықтың шетелден арзан көлік сатып алуына жағдай жасағаны дұрыс болар. Яғни, бізде таңдау еркіндігі болуы керек. Біз неліктен Қазақстанда шығарылған көліктерді ғана алуымыз керек? Отандық автомобильдің бағасы қымбат, оны сатып алуға жалақымыз жетпейді. Сондықтан министрлер кабинеті Еуропаның сапалы әрі арзан көліктерін міну жолдарын қарастыруы керек деп ойлаймын.

 

- Үкімет жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын Отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету және отандық автоөндірісін қолдау үшін қолға алғаны белгілі. Сонда сіздің пікіріңз бойынша бұл бағдарлама үмітті ақтамай ма?

 

 - 60-70 мың көлікпен халық сұранысын қанағаттандыра алмаймыз. Ал автоөндірісі туралы айтатын болсақ, шындықты мойындағанымыз дұрыс болар, елімізде автоөндірісі әлі  дұрыс жолға қойылмаған. Біз тек техниканы  құрастырамыз. Бұл жерде Қазақстанда бірінші және ең ірі автоқұрастыру зауыты – Азия-Авто-ға холдингіне қатысты жағдайды еске алсақ жеткілікті. Мемлекет қазынасынан  аталған компанияға субсидия, инвестиция бөлінді. Есесіне зауыт басшыларына дәнекерлеуші және көлікті  бояйтын қос кәсіпорын ашу туралы екі талап қойылды. 10 жыл уақыт берілсе де қос зауыт іске қосылмады. Біз автомобиль шығармақ түгілі, соған қажетті автобөлшектерді де жасай алмай отырмыз. Осындай проблемаларды көргеннен кейін автоөндірісі саласын қолдау дегенді өз басым жалған ұран, уақытша науқан деп қабылдаймын.

 

- Мысалы біз, смартфон шығармаймыз, оларды импорттаймыз. Онда неліктен автокөлікті де шетелден сатып алмасқа?  

 

 - Менің де ойым осыған саяды. Егер үкімет отандық автоөндірісін жолға қоя алмаса, онда шетел көлігін қосымша салықсыз сатып алу үшін халыққа жағдай жасауы керек. Неге біз лоббистердің, жекелеген топтардың жеке мүддесі үшін қымбат көліктерді мінуге  мәжбүрміз. Бұл жарамайды.

 

Утилизация алымының көлемі 50 пайызға шегерілді. Мұны жетістік деп қабылдауымыз керек пе?

 

 - Жалпы мен утильалым мөлшерінің 50 пайызға түскеніне қуанып отырмын. Мұны үкіметтің халықпен тіл табысуы, диалогқа келуі деп есептеймін. Алдағы уақытта осы саланың білікті мамандары бекітілген утилизация алымының мөлшеріне қатысты нақты пікірін білдіре жатар. Бұл қатып қалған дүние емес. Болашақта аталған мөлшердің тағы да төмендеуі мүмкін деп үміттенемін.

Әңгімеңізге рахмет.

 Фото: syrboyi.kz