Қазақстандықтардың 90%-ы қайырымдылық жасау керек деп есептейді. Көрсеткіш сауалнаманың нәтижесінде анықталып отыр.
«Өткен жылы Қазақстан қоғамдық даму институтының «Қайырымдылық пен донорлық жүйесі» атты әлеуметтік зерттеуіне қатысқандардың 90%-ы қайырымдылық жасауды қолдайтындарын білдірді. Зерттеу сауалнамаға еліміздің 17 өңірінен 1 200 респондент қатысты. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, әрбір екінші азамат (46%) адам мүмкіндігіне қарай қайырымдылықпен айналысуға тиіс деп есептейді», - деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров.
Вице-министр келтірген мәліметке сәйкес, зерттеу сауалнамасына қатысқандардың 37%-ы қайырымдылықты тұрақты түрде жасайды, ал респонденттердің 24%-ы жарты жылда бір рет және 20%-ы жылына бір рет көмек-қолдау көрсетеді.
«Қайырымдылық саласын жүйелі қолдап, дамыту мақсатында ұлттық заңнамаға өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, биыл «Қайырымдылық туралы» заңға енгізілген түзетулер шеңберінде қайырымдылық ұйымдары үшін мемлекеттік меншік объектілерін (сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқару) жеңілдікпен пайдалану көзделген. Сондай-ақ, бірқатар шара қайырымдылық көмектің ашықтығын арттыруға бағытталып отыр», - дейді вице-министр.
Елімізде 1 мыңнан астам қайырымдылық қоры қызмет етеді.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото:ortalyq.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через