фото: inbusiness kz
Қазақстандықтар шынымен қарызға белшесінен батқан ба? Медиада, әлеуметтік желіде, тіпті биік мінберлерде күнделікті айтыла бастады. Мұның соңы кейде банктерді жауып, кредитті түгел кешіру керек, деген ұрандарға ұласқандай көрінеді. Көпшілік арасында кредит сөзі әлемнің бүкілге жуық елінде бар қалыпты қаржы құралы емес, ауыртпашылық, қосымша жүктеме сияқты көрініс береді. Қоғам кредитке батып кетті, дегенді жиі естіміз. Алайда бұл шынымен солай ма? Қазақстандықтар қаржы ұйымдарына қарызы бойынша әлемде бірінші ме?
Биыл кредит мәселесі Мәжіліс мінберіне жетті. Бұл тақырып Президенттің басты назарында екені, 2019 жылы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған адамдардың тұтынушылық несиесі бойынша қарыздарын өтеп беруді тапсырған кезде белгілі болған. Бірақ ол шарадан соң қазақстандықтардың қаржылық сауаты артып, кредитке қаржы құралы ретінде қарай бастаған жоқ. Керісінше мемлекет кешіреді, деп ойлайтындар көбейген сияқты. Несиесі "кешірілгендер" арасында тағы да қарыз алып, қайта төлей алмағандар да кезікті. Бұдан соң билік бұл мәселеге жүйелі түрде қарай бастағаны байқалады. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Жетекші партиялардың бірі банктердің бірімен "Қарызсыз қоғам" атты жобаны іске қосты. Мәжілісте арнайы тыңдау өтіп, "мәселе май шаммен" қаралды.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстан халқының 84% немесе 8,4 млн астам адам қаржы ұйымына қарыз деді. Оның ішінде микроқаржы ұйымдарының қарызы жылдам өсіп келе жатқаны да сөз болды. Мысалы 2023 жылдың 7 айында тұтынушылық микронесие 11,6%-ға, 725 млрд теңгеге дейін ұлғайғаны айтылды. Несие алушылар арасында студенттер, тіпті әскерде жүргендер де болып шықты. 5 мың сарбаздың 1 млрд 875 млн теңге көлемінде несиесі бар екен. Олардың қарызын банктер шегере тұратын болды. Мәжілістегі тыңдаудан кейін несие мәселесін реттеу, заңдық тұрғыдан күшейту сынды шаралар қолға алына бастады.
Дәл осы күндері "Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заң жобасы Мәжіліс қарауында жатыр. Егер өзгерістер қабылданса 21 жасқа дейінгі жастарға несие беруге тыйым салынады. Кредитті уақытында қайтара алмағандарға жаңа тұтынушылық несие берілмейді. Сондай-ақ, банктер мен коллекторлық агенттіктердің қызметі, несие беру, қайтару, кепілзатты сату тәртіптеріне қатысты өзгерістер бар. Осылайша несие мәселесі аясында банктердің қызметін реттеу де күшейе бастады. Алайда қаржы ұйымдары аса қатаң реттеу банк секторының қызметіне әсер етеді деп санайды.
Мысалы, қараша айында өткен XI Қаржыгерлер конгресінде Халық банк басшысы Үміт Шаяхметова қатаң реттеу жалғасса банктердің саны азаюы мүмкін деген қаупін жасырмады. Ол саланы реттеу шегінде тұрғанын, ары қарай инвестициялауға қызықсыз нарыққа айналуы мүмкін деді.
Үміт Шаяхметова биылғы наурызда өткен CFO Summit барысында "қазіргі уақытта реттеу несие берушінің позициясынан қарыз алушының позициясына өтті" деген еді. Сол пікір бүгінде шындыққа айналған сияқты.
Қазақстандықтар несиеге батып отыр ма?
Статистикаға жүгінсек әрбір еңбекке қабілетті қазақстандықтың орташа қарыз мөлшері 3,9 мың АҚШ долларына немесе 5,1 орташа жалақыға тең келеді екен. Әлемдік деңгейде алғанда бұл қалыпты көрсеткіш саналады. Бұл көрсеткіш мысалы, Швейцарияда (бір адамға 205,8 мың доллар), Норвегияда (134,2 мың доллар), Германияда (83,4 мың доллар) және Францияда (59,3 мың доллар).
Алысқа бармай-ақ көршілерге көз салсақ, Ресейде орташа қарыз 4,5 мың доллар, Беларусьте – 1,3 мың доллар, Украинада – 0,4 мың доллар, Қырғызстанда – 0,3 мың доллар. Орташа айлық жалақы мөлшерімен есептегенде Ресейде 5,7 жалақы, Беларусьте – 2,6 жалақы, Украинада – 1,9 жалақы, Қырғызстанда – 1 жалақыға тең.
Экономикалық көзқарастар тұрғысынан алғанда бұл көрсеткіштерге қарап дамыған еуропалық елдерде кредиттік ресурстар қолжетімді деп санауға болады. Ал Қазақстан мен көршілерінде керісінше. Бұл жағынан алғанда ұзақмерзімді ипотекалық, автонесие мен тұтынушылық несие көпшілікке қолжетімді емес деп есептеледі. Мысалы, Бірінші несие бюросының мәліметінше 1 тоқсанда берілген кепілсіз, тұтынушылық несие 7,7 трлн теңгені құраған. Оның ішінде қарыз алушының 2% жалпы несие портфелінің 17%-ын иеленіп отыр. Бұлар ең ірі көлемде несие алғандар. Несие төлеуге қабілетті адамдардың 10%-ы несие портелінің жартысын иеленген. Ал қалған 50%-на займ көлемінің 10% ғана теиселі. Бұлар ең аз көлемде несие алушылар. Бұл ретте несие портфелінің өсімін негізінен ірі займ алушылар қамтамасыз еткен. Яғни, несие алушылардың басым бөлігінің қарызы аз және олар несие көлемінің артуына ықпал етпеген.
Бұл цифрларға қарамастан қоғамда "несиеге батып кеттік", тұтынушылық несие көп, бизнес несие аз, деген пікір басым. Алайда несиенің қай-қайсы болсын экономикаға жұмыс істейтінін ұмытып кете береміз. Мәселен, банк несие беріп пайда табады. Бұл тұрғыдан алғанда банктердің еліміздегі ең ірі жұмыс берушілер екенін ұмытып кете береміз. Несиені алған адам оған қызмет немесе тауар сатып алады. Мысалы, шағын және орта бизнес нысандарының қызметі немесе тауарлары. Қазіргі таңда ШОБ-тың көпшілігі банктердің бөліп төлеу немесе несие қызметін қуана пайдаланады. Өйткені тауар айналымы өседі. Ал несиелендіру көлемі азайса, ШОБ қызметіне де әсер етеді. Бұл жағынан алғанда цифрлар дұрыс. Алайда қоғамда банк немесе микронесие ұйымдарының несиелік пайыздары жоғары деген пікірлер басым және "жоғары пайыздарға" қарамастан кредитке сұраныстың азаймауына не себеп? Сарапшылар қоғамда ақшаға сұраныс жоғары екенін айтады. Өйткені басты мәселе банктердің несие саясаты, несие берудегі жеңілдік, жылдамдық емес, табыстың жетіспеушілігі. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша Қазақстан табысы орташадан жоғары елдер санатына кіреді. Елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ 13 300 долларға жеткен. Алайда екінші бір көрсеткіш Энгель заңы бойынша егер халық табысының жартысын азық-түлікке жұмсаса кедей ел деп есептеледі. Ол бойынша халқымыз әлі кедей елдердің қатарында, табысының көп бөлігін азық түлікке жұмсайды. Сарапшылардың пікірінше айлық табысты арттыру, несие сынды қарыз құралдарына сұранысты азайтатынын айтады. Тіпті азайтпағанның өзінде жоғарыдағы Еуропа елдері сияқты айлық табыс жоғары болса несие қосымша қаржы құралына айналар еді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через