Қазақстандықтар Кореяда заңды түрде жұмыс істейді

Қазақстандықтар Кореяда  заңды түрде жұмыс істейді
фото: sputnik.kz

Алдағы уақытта қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмысқа тұра алады. Бірақ ол жаққа жұмыс визасымен бару үшін сынақ тапсыруға тура келеді. Қазақстан кәріс жүйесіне қосылады.

Бұған дейін екі елдің еңбек және халықты қорғау министрліктері бірнеше рет келіссөз жүргізіп, Қазақстанды Employment Permit System (Кореяның жұмысқа рұқсат беру жүйесі - Sputnik) жүйесіне қосу мәселесін талқылады. Осы жүйе Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін еңбек мигранттарының құқықтарын қорғауға және жұмыста барлығымен бірдей жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бүгінде арнайы құжаттың жобасы барлық мемлекеттік органдардың қарауынан өтті. Одан кейін сыртқы істер министрлігі арқылы Кореяға жіберілді. Бұл құжатта қазақстандықтарды заңды түрде жұмысқа қабылдау тәртібі көрсетілген.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде Оңтүстік Кореяда шамамен 22 мың қазақстандық жүр. Олардың ішінде 6 мыңнан астамы визасы аяқталса да, заңсыз жұмыс істейді.

Бірнеше емтихан тапсыру керек

Бұдан былай Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтар екі емтиханнан өтеді. Сынақ екі бөлек жерде тапсырылады.

Алматыда орналасқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сертификаттау орталығы болады. Ол жерде кәріс тіліне үйретеді. Ал Қонаев қаласындағы өндірістік базада тиісті мамандықтар бойынша дәріс беріледі. Оңтүстік Корея қажетті мамандықтардың тізімін өзі ұсынады. Дәл сол тізім бойынша осы елде заңды түрде жұмыс істеуге рұқсат қағазы рәсімделеді.

Бұдан бөлек, емтихан кезінде Кореядан арнайы аудитор келеді. Ол кәріс тілі мен кәсіби біліктілік тестін тапсыруды бақылайды. Сынақтан сүрінбей өткендер Кореяда барып, заңды түрде жұмыс істей алады.

Employment Permit System-ге неше мемлекет қосылды

2004 жылы Корея үкіметі 16 мемлекетке жұмыс визасын беру туралы заңды қабылдады. Соның ішінде Қытай, Үндістан, Қырғызстан мен Өзбекстан да бар. Жұмыс визасын оңды-солды тарата бермейді. Экомикасы дамымаған және жағдайы төмен елдерге басымдық беріледі.

Employment Permit System-ге қосылған елдердің азаматтары кәріс тілін үйреніп қана қоймай, медициналық тексерістен де өтеді. Олармен заңды түрде еңбек шарттары жасалады.

Іріктеу кезінде жұмысшылардың жасына да қарайды. Аурулардың жоқтығы туралы анықтаманы көрсету керек. Ал, еңбастысы, кәріс тілін үйрену керек. Себебі жұмыс берушімен сөйлесуге тура келеді.

Емтиханның пайдасы неде

Кореяның жұмысқа рұқсат беру жүйесінің артықшылықтары көп. Ондай визаны алған адам кәріс тілінде сөйлесіп қана қоймай, осы елдің мәдениеті мен заңдарын біліп жүреді. Сондықтан абайсызда депортацияға ұшыраудың қаупі жоқ.

Негізгі артықшылықтар:

заңды еңбек шарты;

медициналық сақтандыру;

жұмыс беруші баспана мен тамақ ұсынуы мүмкін;

емін-еркін жүріп, елдің мәдениетін тану;

Ал заңсыз жұмыс істеудің кемшін тұсы сол, өзге елдің азаматы қайтыс болған жағдайда Оңтүстік Корея үкімет оны тасымалдау шығындарын төлемейді. Туған-туыстары өздері алып кетуі керек. Медициналық сақтандыру да аса қажет. Онсыз жарақат пен ауру кезінде біраз шығын шығаруға тура келеді.

ҚазАқпарат