Қазақстандық ұнның құрамында денсаулыққа аса зиян микотоксиндер болуы мүмкін

Қазақстандық ұнның құрамында денсаулыққа аса зиян микотоксиндер болуы мүмкін
фото: Фото: istockphoto.com

Қынжылтатыны сол, қазақ ұны бүкіл әлемде, дүниежүзіндегі беделді мейрамханаларда ең жоғарғы сапасы үшін құрметтеліп, халықаралық бренд ретінде ұлықталған заман артта қалды. Бүгінде Қазақстанның өзінде сапасы ең жоғарғы стандарттарға сәйкес келетін нанды табу оңай шаруа емес.

Дүкендер мен гипермаркеттерде танымал сауда маркаларымен, әрі қымбатқа сатылатын көптеген наннан не танау қытықтар жұпар иісі, не тіл үйірер дәмі байқала бермейді. Тұтынушылар әлеуметтік желіде олардың қалпымен үгіле беретініне, бірер күн ішінде күлімсі иісі шығып, көктей бастайтынына шағымданып жүр.

Адамдар бұған жаппай қолданылуы мүмкін қытайдың арзанқол, сапасыз ашытқысын айыптайды. Сонымен қатар бұған наубайханалардың сапасы төмен бидайдан өндірілген ұнды пайдалануы да себепкер болуы мүмкін.

Бірақ нанның дәмі мен жұпарын жоғалтуы – проблемалар мұзтауының ұшы ғана. Сөрелерден халқымызға ұсынылатын "ас атасының" қауіпсіздігіне қатысты мәселе туындады.

ElDala аграрлық порталының жазуынша, өніп кеткен бидайдан жасалған қазақстандық ұнның құрамында микотоксиндер болуы мүмкін.

"2023 жылғы күзде, әсіресе, қыркүйекте егін тоқтаусыз жауған нөсер жаңбырдың астында қалғаны құпия емес. Сонда астықтың сапасын жоғалтқаны айқын болды. Көреген қазақстандықтар алдыңғы, 2022 жылғы астықтың сапалы бидайынан жасалған ұннан барынша мол қор жасап алуға күш салды. Осының арқасында олар бүгінде жаңа маусым ұнынан пісірілген нанды тұтынбау игілігін иеленді. Өйткені жауын-шашын, ылғалдылық жоғары болған жағдайда жиналған, өнген бидай құрамында әдетте микотоксиндер болады. Соған қарамастан, елде сатылып жатқан ұнды бірде бір мекеме микотоксиндердің болмауына, қауіпсіздікке тексермейді", – деп ескертті ElDala.

Ол аграршыларға сілтеме жасап, тағы бір проблемаға назар аудартты. Биыл мәселе әрі қарай ушыға түседі деген болжам жасалды. Себебі, солтүстік өңірлерде егіннің үлкен бір бөлігі жиналмаған күйі қар астында қалды. Былайғы жұрт ойлайтындай, оның бәрі босқа шірімейді.

Фермерлер қауызында мұз болып қатып қалған сол бидайды көктемде, қари ери бастағанда жинап алып, кептіріп, ұшырып, нарықта арзан бағаға сатып жіберуді жоспарлап отыр. Осы арқылы олар биылғы дән себу науқанына қажетті қосымша қаржыға қол жеткізуге ниетті.

Сорақысы сол, қысты қалпымен далада өткерген бидайдың құрамында микотоксиндердің болу қаупі тіпті еселеп артады.

Ғалымдардың айтуынша, ондай бидайды ұнға тарту түгіл, мал мен құсқа беруге де болмайды. Улы микотоксиндер тамақ пен азықжемді дайындау кезіндегі жоғарғы температураларға химиялық төзімді болып келеді. Салдарынан олар малдың еті мен сүті арқылы адамға беріледі.

Бірақ фермерлердің оған бармауын кім бақылайды?!

Бұған қоса, 2023 жылы қырманнан жиналып, қамбаға құйылған, алайда элеваторлардың қуатының жетіспеуі салдарынан асығыс кептірілген бидайлардың да көктей бастағаны туралы айтылуда. Көктеу кесірінен микотоксиндер қордаланатыны белгілі.

Фермерлер ол бидайды да ел ішіндегі тұтынушыларға, соның ішінде ұн тартушы диірмен кәсіпорындарына сатып жіберуге жанталасуда. Ақырғы өнімнің өзіндік құнын барынша арзандатуға тырысқан бірқатар өнім өндіруші сапалы бидайды арзанқолымен араластыруға жаман үйренді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзіне мүше елдерді, соның ішінде Қазақстанды өз тұрғындарын микотоксиндерден қорғауға шақырды.

"Микотоксиндер адамның да, малдың да денсаулығына салмақты қауіп-қатер төндіреді, көптеген теріс салдарлар туғызады. Микотоксиндер қатты, өткір уланудан созылмалы бұзушылықтарға дейін әртүрлі формада денсаулыққа теріс ықпал етеді, иммунодефицитке және қатерлі ісікке соқтыруы мүмкін", – деп ескертті жаһандық ұйым сарапшылары.

Тиісінше, қазақстандықтарды микотоксиндермен уланудан қорғауға бар күш-жігерін шоғырландыру орнына мемлекет бұл саладағы талаптарды керісінше, жұмсартты. Былтырғы 2023 жылғы 20 желтоқсанда Азық-түлік келісімшарт корпорациясы "тікелей сатып алу кезінде бидай құрамында микотоксиндердің бар-жоғын анықтау талабынан" бас тартуға кіріскендерін жариялады. Осылайша, ол осыны қолқалап сұрап, табанды лобби жасаған түрлі агроқоғамдастықтардың жетегінде кетті.

Мемлекеттік корпорация бұл қадамға аграршылардың сұрауымен барғанын растады. Себебі, оған Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығынан өтініш түсіпті: онда агроалпауыттар 2023 жылы климаттық жағдайлардан шығын шеккен отандық кәсіпкерлерді қолдау аясында "өнген бидайының құрамын микотоксиндерге талдау талабын жоюды" ұсынған.

Бұған дейін, бидайды отандық өндірушілерден тікелей сатып алу шарттарына сәйкес, сыныпсыз бидайды жеткізушілерден микотоксиндердің құрамына қатысты сынақ протоколын қоса ұсыну талап етілетін.

Бұдан бөлек, мемлекет ел қаржысына сатып алынатын бидайдың сапалық сипаттамаларына қатысты өзге де өзгерістер жариялауды жоспарлап отыр.

Қазақстан Үкіметі 2023 жылдың астығынан – 4-ші, 5-ші сыныптағы және сыныпсыз бидайды аграршылардан 350 мың тонна көлемінде тікелей сатып алады. Бұған 31 миллиард 375 миллион теңге бюджет қаржысы бөлінді.

Биология ғылымдарының докторы, профессор, СЖС Қазақстан ЛТД (SGS Kazakhstan) зертханасының меңгерушісі Олег Фурсов өнген бидайда микотоксиндер бары туралы хабарлар түсіп жатқанын жасырмады. Бірақ әзірге лабораториялық зерттеу барысында анықталу тіркелмепті.

Қазақстандық белгілі ғалым республикамыздың негізгі астықты облыстарында дәнді дақылдардың вегетациялық кезеңіндегі ауа райы жағдайлары төтенше қолайсыз болғанын еске салды.

"2023 жылдың қыркүйегінің бірінші декадасынан бастап, барлық астық өндіруші өңірлерде жауын төпелеп құя жөнелді. Сөйтіп, біріншіден, егінді жинауға кедергі келтірді, екіншіден, дәннің масағында өніп кетуіне соқтырды. Астықтың масақта өнуі процесі тұтас биохимиялық реакциялар кешеніне ұласты. Мысалы, альфа-амилаза ферментінің синтезі стимуляцияланды, дән крахмалының деградациясы жүрді. Бұл астық сапасының күрт құлдырауына соқтырды. Ондай шикізатты нан және нан өнімдерін пісіруге пайдалануға болмайды. Оның үстіне ылғалданған дақылды зең-грибок дерттері, фузариоз және басқалары меңдейді. Патогенді зеңдер микотоксиндер, афлатоксиндер туындатады. Қазақстанның жағдайында солай болып отыр", – деді Олег Фурсов.

SGS Quality Map жобасы аясында жүргізілген ішінара тестілеу қорытындылары көрсеткендей, 2023 жылғы ору науқаны кезінде жауын-шашыннан Ақмола және Қостанай облысының егіншілері бәрінен көп зарпап шекті.

Салдарынан, оларда өнген бидай үлесі кейбір сынамаларда 80-85%-ға (!) дейін жетті. Микотоксиндердің құрамының рұқсат етілген нормадан асып түскені туралы зертханалық дәлелденген мәліметтер әзірге түспепті. Бірақ ел Үкіметі сарапшылардың дабылына құлақ асып, "сақтансаң сақтаймын" қағидатына жүгініп, халықты қауіпті астық пен өнімнен қорғаудың қамына кіріссе, құп.

ҚазАқпарат