Маңғыстаулық жеті дүркін әлем чемпионы Ильдар Ягьяев стритлифтинг және воркаут спорт түрінен жаңа әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Гиннестің рекордтар кітабына енуіне спортшының 2021 жылы Киев қаласында стритлифтинг пен воркаут-рекордтардан әлем чемпионатында көрсеткен жетістігі, орнатқан рекорды себепші болды.
Спортшы 40 фунт салмақтағы ауырлықпен екі қолмен 10 рет белтемірге тартылып рекорд орнатқан болатын. Ильдар 19 қыркүйек күні Гиннестің рекордтар кітабына енгені туралы сертификатын алған.
Спортшының айтуынша, нәтижені тіркеуге өтінішті шамамен жеті ай бұрын жіберген.
«Кейде өтінімді қарау жарты жылға созылады. Мен өзімнің нәтижем туралы видеоны Гиннестің рекордтар сайтына жібердім. Бекітуге үш ай қажет болды. Кейін менің рекордым тіркелді. Рекордшылар тізімін шынымен толықтырған Сертификат Лондоннан жіберілді. Ол маған бір айға жуық келді. Ал 19 қыркүйекте мен оны алдым», - деді спортшы.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через