фото: https://sputnik.kz
Қазақстандық "Егеуқұйрық" фильмі 60-тан астам елден 320 туынды қатысқан фестивальде жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.
Қазақстандық қысқаметражды фильм көптеген елдің кино сарапшыларының ең жоғары бағасына ие болды. Атап айтсақ, фильм әлемдегі ең көне қысқаметражды фильм фестивальдердің бірі болып саналатын Мальтадағы 60-шы халықаралық Golden Knight-те Гран-приді жеңіп алды.
Жантемір Баймұхамедовтің "Егеуқұйрық" қысқаметражды көркем фильмінің жабық көрсетілімі Алматыда өтті. Фильм желісі шынайы өмірден алынған. "Егеуқұйрық" фильмі кеміргіш пен адам арасындағы ерекше достықтың таңғажайып оқиғасын баяндайды.
Оқиға 1991 - 1993 жылдардағы қайта құру кезеңімен тұспа-тұс келеді. Темір тордан босап шыққан Сәкен баспана іздеп сарылады. Қалтасындағы санаулы ақшасымен тұратын тұрақ таппаған оған Анна есімді мейірімді әйел көмектеседі. Зауыт жанынан бұрынғы басшысы баспана етіп жасап кеткен бөлмені Сәкенге пана етуді ұсынады. Аңғай-даңғай бөлмеге орналасқан кейіпкер бұрынғы қожайыннан қалған заттарды ақтарып жүріп, гитара тауып алады. Гитараны ойнаған сәттен бастап ғажайыпқа тап болады.
Иесіз үйдің бұрынғы тұрғыны кішкентай егеуқұйрық інінен шығып, Сәкенге ақша әкеп тастап тұрады. Сөйтіп егеуқұйрықпен тұтқыннан шыққан адам арасында адал достық орнайды. Бір күні базардан түрмеде бірге болған танысын кездестіріп, Сәкен үйіне қонаққа әкеледі. Мейірімсіз танысы егеуқұйрықты табанымен жаншып өлтіріп кетеді. Кішкентай досы үшін жаны шырылдап жағасына жармасқан кейіпкерді қоса жаралап, қайырымсыз қонақ жайына кетеді.
Егеуқұйрықты аялап жаны жүдеген Сәкен еденді аршуға кіріседі. Міне ғажап! Еденнің асты толған уыс-уыс ақша, сол сәтте егеуқұйрыққа да жан бітеді. Фильм егеуқұйрық пен кейіпкердің гитара шертіп, достығын ары қарай жалғастыруымен бітеді.
Сәкен еден астындағы уыс-уыс ақшаны да місе тұтпастан, кішкентай досына күнде гитара шертіп беруді өзіне бақыт деп санайды.
Басты рөлді сомдаған Сәкен Молдахметовтың мамандығы - педагог. Орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Бірақ өмірін гитарасыз елестете алмайтын шығармашылық адамы.
"Мен фильмді түсіру барысында егеуқұйрыққа бауыр басып қалдым. Ол өлгенде аялап, тіпті сүйіп-сүйіп алғым келді. Ол сондай ақылды, сезімтал, шынайы, адал", - дейді Сәкен Молдахметов.
Егеуқұйрықты компьютерлік графикамен жасап шығу қыруар қаржыны талап еткен. Ақыры кинотүсірушілер аң-құстарды үйінде өсіретін тамаша ветеринар маман тапқан. Егеуқұйрық та сол ветеринардың мәпелеп отырған, қолға үйретілген кеміргіші.
"Қалай аяқтасақ болады деп әртүрлі сценарийді ойластырдық. Егеуқұйрықты өлтіріп тастау туралы да ұсыныс айтылды. Бірақ Еуропа елдерінің көрермендері бізге қарағанда мүлдем бөлек. Оларға ондай ауыр көріністі көрсетудің қажеті жоқ. Фильмде егеуқұйрықты жаншып, аяқпен таптап тастағанның өзі оларға өте ауыр тиді", - дейді фильм авторы Жантемір Баймұхамедов.
Отандық туынды тағы бір танымал кинофорум – Бразилиядағы Sao Paulo International Film Festival-нің үздік фильм үшін берілетін бас жүлдесін жеңіп алған. Ал Ресейде Халықаралық қысқаметражды "Киномышь" кинофестивалінде Гран-примен марапатталды. Сонымен қатар туындыны Макаодағы Халықаралық қысқаметражды фильмдер фестивалінің қазылар алқасы да үздік көркем фильм деп атады. Шотландияның Глазго кинофестивалінде "Егеуқұйрық" жеңімпаздар үштігіне енсе, Еуропалық Future of Film Awards платформасы картинаны құрметпен атап өтті.
Режиссер Жантемір Баймұхамедов, Қазақстанда Жантик деген атпен танымал - еліміздегі ең атақты шоумендердің бірі. Дарынды музыкант және тележүргізуші, бұл картина оның кино саласына алғашқы рет келуі емес. Оның "Шу-чу" атты дебюттік фильмі 2010 жылы Мексика кинофестивалінде жүлдеге ие болған.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через