фото: https://sputnik.kz
Қазақстандық дәрігерлер әлемде сирек кездесетін отаны сәтті жасады
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында алғаш рет қан тобы сәйкес келмейтін донордың бүйрегі науқасқа салынды. Ота сәтті өтті.
36 жастағы Шолпан Құдайбергенова екінші баласын дүниеге әкелгенде бүйрегі сыр берген. Артынан қос бүйрегі істен шықты. Содан бері екі жыл бойы гемодиализде болды. Ал туыстарының арасынан қан тобы сәйкес келетін адам табылмады. Шет елден де донор іздеп көрді. Сөйтіп жүргенде отандық дәрігерлерден жақсы хабар алды. Қан тобы бөлек болса да, Шолпанның ағасына донор болуға мүмкіндік туды.
"Операцияның ертеңінде өзімді басқаша сезіне бастадым. Ішкі сезімім мүлде өзгеріп кетті. Анализдерім, барлығы орнына келді", - дейді Шолпан.
Ондай ота жасау үшін ұзақ дайындалу керек. Шолпанның ағасы Руслан Тілеуімбетов донор болуға бірден келіскен.
"Өзімнің туған қарындасым болған соң, бір бүйрегімді бердім. Дәрігерлерге рахмет. Көбісі бір бүйрекпен өмір сүруге қорқады. Ондай түгі де жоқ. Бір бүйрекпен толық деңгейде өмір сүруге болады", - деп атап өтті Руслан.
Трансплантация секторының жетекшісі Мэлс Асықпаевтың айтуынша, қан тобы сәйкес келмейтін адамдардың бүйрегін алмастыруды 50-ге жуық дәрігер қадағалайды.
"Донор мен реципиенттің сәйкестігін тексереді. Бәрін тиянақты тексеріп отыруымыз керек. Оған трансфузиология орталығы көмектесті. Лаборатория жағынан. Хирургияға келетін болсақ, 10 шақты дәрігер қатысады. Бұл жерде анестизиолог-реанимотологтардың да жұмысы ауыр", - деді Асықпаев.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда 3 566 пациент донорлық органды күтіп отыр. 3154 ересек және 8 балаға бүйрек ауыстыру операциясы қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через