Қазақстандық автомобиль қытай көлігінен мықты ма?

Қазақстандық автомобиль қытай көлігінен мықты ма?
фото: tengrinews.kz

Соңғы жылдары біздің елдің азаматтары қытай автомобильдерін көптеп сатып алып жатыр. Қазақстандағы жеңіл көліктердің ең танымал 15 брендінің қатарына екі қытайлық көлік кірген. Қытайдың жаңа автомобильдері осыдан 10 жыл бұрын шығарылған көліктерден айтарлықтай ерекшеленеді. Себебі, кейінгі кезде Қытай автоөндірісі сапаға аса мән бере бастады. Олар техниканың сырт пішіні мен салон ішінің жайлылығын да назардан тыс қалдырмайды. Жіті қарап шыққан сарапшылар тек көлік қозғалтқышының әлсіздігіне кінә артты. Ал еуропалық өндірушілермен тығыз байланыс орнатқан қытайдың кейбір жергілікті компаниялары мұндай олқылықтың алдын алған.  Мысалы, Geely автоконцерні Volvo-ға тиесілі көптеген озық үлгіні пайдаланып отыр.  Осы саланың әлемдік көшбасшыларымен бәсекелесе бастаған қытай компанияларынан енді арзан машинаны сатып алу мүмкін болмас. Себебі, олар маркетингке көп қаржы жұмсағандықтан өнімдерінің бағасын нарық сұранысына қарай сәйкестендіруді ойластырып жатыр.

   

Ал Қазақстанда бұл сала қалай дамып жатыр? 2021 жылы бізде автомобиль өндірісі 24% өскен. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың өзі мәлімдеді. Отандық өнім санының артқаны, әрине, қуантады. Бірақ оның сапасы қандай, көңілден шыға ма? Қытайдағы секілді халықаралық деңгейдегі сарапшгылар қазақстандық автоөнімдерге жан-жақты талдау жүргізген жоқ. Мұндай шара атқарылса да нақты мәлімет көпшілікке ұсынылмады. Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевтың жақында ұсынған дерегіне сүйенсек, 2021 жылы импорттың жалпы көлемі $41 млрд құрады, оның ішінде $17 млрд немесе 41%-ы отандық машина жасау өнімдеріне тиесілі. Сыртқа шығарылып жатқан көліктің көптігіне қарап, «сапасы жаман емес-ау» деп ой түюге болады. Өйткені, шетелдіктер бізден сапасыз тауарды сатып алмайды. Ал қазақстандық өндірушілер өнімдерін шетелге, атап айтсақ, Ресей, Қытай, Орта Азия, Европа, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдерге экспорттайды.

Жақында ғана Үкімет басшысымен кездескен Мейрам Пішембаев машина жасау саласын дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасын іске асыру, сала кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту үшін қолжетімді қаражат бөлу, отандық тауар өндірушілермен оффтэйк-келісімшарттар жасасу, сондай-ақ машина жасау саласындағы өндіріс көлемін арттыру мәселесін талқылапты. Ендеше бұл нарықты дамыту, экспорт көлемін арттыру мәселесі үкімет деңгейінде талқыланып жатса, отандық автоөндіріс саласының болашағына үміт артуға болады.

Қазақстан машина жасаушылар одағының деректеріне сәйкес елімізде бұл салада 3 мыңнан астам кәсіпорын бар. Онда шамамен 120 мың адам жұмыс істейді. Қазіргі күні Қазақстанға Siemens, General electric, Alstom, Hyundai, Claas және басқа да көптеген компания келіп, жұмыс істеп жатыр.