Қазақстандағы ерлер әйелдерге қарағанда өз қаржысын басқаруға көбірек төселген

Қазақстандағы ерлер әйелдерге қарағанда өз қаржысын басқаруға көбірек төселген

   ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен жеке қаражатын басқарудағы ел халқы арасындағы жүргізілген зерттеудің нәтижесін жария етті.  

   Қазақстан халқының қаржылық сауаттылық индексі 2020 жылмен салыстырғанда 0,45 тармаққа ұлғайып, 2021 жылы 39,52 пайызды құрады. 2020 жылы бұл көрсеткіш 39,07% деңгейінде болды.

   Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) өлшемдері ескерілетін қаржылық сауаттылық индексін есептеу әдіснамасы мынадай үш көрсеткішті талдауды қамтиды: жеке қаражатын басқару, қаржылық көрсетілетін қызметтерді пайдалану және халықтың қаржы жүйесі туралы хабардар болу деңгейі.

   «Өңірлер бөлігінде жеке қаражатты басқару көрсеткіштің ең жоғары деңгейі Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Қызылорда облыстарында тіркелген. Өз қаражатын басқарудың орташа дағдыларына Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ие», - делінген агенттік мәліметінде.

    Белгілі болғандай, ер адамдар әйелдерге қарағанда өз қаржыларын басқару процесіне көбірек төселген. Ортадан жоғары көрсеткіш жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар қазақстандықтарда, дара кәсіпкерлерде, жеке компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінде байқалады.

    «18-29 жас аралығындағы жастарға және 60-75 жас аралығындағы қарт азаматтарға келетін болсақ, олар осы маңызды дағдыны игеруде қиындықтарға тап болады. Отбасы жағдайында деңгейдің айтарлықтай ауытқуы анықталған жоқ. Әлеуметтанушылық зерттеу көрсеткендей, респонденттердің жартысына жуығы отбасылық немесе жеке бюджетті жүргізеді және өздерінің шығындарын мұқият қадағалайды – 44,8%, респонденттердің тек 1,6%-ы мұны жасамайды. Қазақстандықтардың 42,8%-ның жеке бюджеті бар, ал сұралғандардың үштен бірі (29,9%) жұбайымен (зайыбымен) бірлескен бюджетті жүргізеді.

   Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі (46,3%) олардың сатып алуға мүмкіндігі бар-жоғын мұқият ойластыратынын, 0,6% мұндай бағалауды жасамайтындығын айтты», - деп аталып өткен хабарламада. Сауалнамаға қатысқандардың 36,4%-ы тұрақты жинақ жасайды, ал 37,9%-ы мүмкіндігіне қарай белгілі бір ақша сомасын жинайды. Респонденттердің 36,04 пайызында шығындарды жоспарлау әдеті бар, 37,1% кейде мұны істеуге тырысады, ал 2,2% ешқашан жасамайды.

   «Респонденттердің 39,08 пайызы кейде ақша салу арқылы тәуекелге баруға дайын (мысалы, бағалы қағаздарға), 18,4 пайызы мұны жасауға мүлде дайын емес», - делінген зерттеу деректерінде.

   Айта кетейік, 2021 жылы зерттеуге 10 000 респондент қатысқан. Олардың ішінде 18 жастан 29 жасқа дейінгі (23,08%), 30 жастан 49 жасқа дейінгі (62,32%), 50 жастан 63 жасқа дейінгі (12,32%), сондай-ақ 63 жастан асқан (2,28%) әйелдер (58,8%) де, ер адамдар да (41,2%) бар.

   Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент сияқты республикалық маңызы бар 3 қалада және Қазақстанның 14 өңірінде жүргізілді.

   Кәсіби қызметі тұрғысынан алғанда бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (7,5%), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар (8,1%), жеке компаниялардың қызметкерлері (7,2%), дара кәсіпкерлер (6,4%), студенттер (1,9%), зейнеткерлер (1,8%), уақытша жұмыс істемейтіндер (0,68%), басқа да мамандық өкілдері (64,2%) сияқты топтардан жауап алынды.

   Респонденттердің отбасылық жағдайлары мынадай болды: 62,28%-ы үйленген/тұрмыс құрғандар, 26,24% – үйленбеген/тұрмыс құрмағандар, 8,4% – ажырасқандар, 1,6% – әйелі/күйеуі қайтыс болғандар, 1,4% – азаматтық некеде тұратындар.
 

   Ақпарат дереккөзі