фото: kursiv.media
Жаңа кен орындарына геологиялық барлау жүргізілмесе, Қазақстандағы бағалы және түсті металдар қоры алдағы 10-15 жылда сарқылуы мүмкін. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігі Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов мәлімдеді.
«Кеңестік кезеңнен қалыптасқан минералды-шикізаттық базаны қарқынды игеру олардың біртіндеп сарқылуына әкеп соғады.Қазіргі уақытта экспорттағы үлесі айтарлықтай басым түсті және бағалы металдар қоры алдады 10-15 жылда қызылып бітуі мүмкін», – деді Жолмағамбетов жұма күні Қазақстан геологтарының бірінші съезінде.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы ірі қорғасын-мырыш кен орындары толығымен игерілген.
Бұған дейін Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов еліміздегі сарқылған кен орындары көбейгенін, қазір олар шамамен 80 пайызға жеткенін мәлімдеген болатын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында сирек және шашыранды металдарды іздеуге басымдық беруді тапсырған. Сонымен қатар ел Үкіметіне 2026 жылға қарай Қазақстандағы геология тұрғысынан зерттелетін жер көлемін 2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізуге тапсырма берді.
Осы ретте қатты пайдалы қазбаларды барлау құқын беретін онлайн-аукционнан мемлекет 1 млрд теңгедей пайда тапқанын жазғанбыз.
Индустрия министрлігінің хабарлауынша, аукционға Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қостанай, Абай облыстарындағы жер қойнауы учаскелері қойылған.
Жалпы, тау-кен металлургия өнеркәсібі Қазақстан экономикасында үлкен маңызға ие. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17,5 пайыз шамасында және экспорт құны 10,5 млрд долларға жуықтайды (2021 жылдың қорытындысы бойынша). Салада 273 мың адам жұмыс істейді.
2021 жылы мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 25 пайызға өсті, бұл әлемдік шикізат нарықтарындағы бағалардың өсуіне байланысты ең көп өсім өндіруші салаларда болды. Алайда, 2022 жылы тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестицияның 11,7 пайызға артуына қарамастан, сектордағы өсім төмендеді.
Kursiv.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через