Қазақстанда Vision Zero-ны қолданысқа енгізсе, жол апаты азая ма?

Қазақстанда Vision Zero-ны қолданысқа енгізсе, жол апаты азая ма?

«AMANAT» партиясы Орталық аппаратының кеңсесінде Қазақстан жолдарындағы жарақат алу мен мүгедектікті азайтуға бағытталған Vision Zero жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру тұжырымдамасының тұсаукесері өтті.

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 16 мың жол апаты болады. Онда орта есеппен 2000 адам қаза табады. 18 мың адам әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алады.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ЖКО салдарынан өлім-жітім көрсеткіші – 100 мың тұрғынға шаққанда 12,2 адам. Салыстыру үшін Польшада бұл көрсеткіш – 5,9, Германияда – 3,1, Швецияда – 1,9 адам.

     Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректері бойынша, былтыр 9 айда 10,2 мыңға жуық апат болып, 15 мыңнан астам адам зардап шекті. ЖКО 8,9%-ке көбейді. 1,7 мың адам қайтыс болды (21%-ға өсті), оның 181-і –кәмелетке толмаған балалар, 457-і – әйел және 1258-і – ер адам.

     ЖКО зардап шеккендер арасындағы кәмелетке толмағандардың үлесі – 19,9% (3 007).

     Сонымен қатар 542 қоғамдық көліктің қақтығысуымен 532 ЖКО болған, 70 адам қаза тауып, 783 адам жараланды.

     «Азия даму банкінің» зерттеуіне сәйкес, Қазақстанда ЖКО-нан жинақталған залал бір адам қайтыс болған жағдайда 113 миллион теңге және жарақат алған кезде 16 миллион теңге болады.

     Сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы жағдайды өзгерту үшін жол қауіпсіздігін арттыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Атап айтқанда, Қазақстанда Vision Zero бағдарламасын қабылдау және енгізу ұсынылды. Оның ішінде, аса қауіпті учаскелердегі жылдамдық режимін төмендету, көшеде қауіпсіздік талаптарын қатаң қадағалау.

     Іс-шараға жол қауіпсіздігі саласындағы сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері, урбанистер, сәулетшілер, журналистер мен блогерлер қатысты.

     Айта кетейік, Vision Zero – бұл жолда өлім-жітімді азайту тұжырымдамасы. Vision Zero бағдарламасы алғаш рет 1997 жылы Швецияда әзірленді және содан бері үнемі жетілдіріліп келеді. Швецияда жол-көлік оқиғаларының салдарынан болатын өлім-жітім 1997 жылы 100 мың адамға шаққанда 7 адамнан 2001 жылы 1,9 адамға дейін қысқарды. Бүгінгі таңда бағдарлама Лондон, Вашингтон, Торонто, Чикаго және т.б. сияқты қалаларда жұмыс істейді. 2020 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас ассамблеясы «Жол қозғалысының жаһандық қауіпсіздігін арттыру» туралы қарар қабылдады.

     Бағдарламаның негізгі қағидаcы – адам өлімімен аяқталатын жол апатына жол бермеу.

     Жоба Қазақстан БҰҰ ДБ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

     Aikyn.kz