Қазақстанда тұңғыш рет сурдо дзюдодан әлем чемпионаты өтеді

Қазақстанда тұңғыш рет сурдо дзюдодан әлем чемпионаты өтеді
фото: instagram.com/kaz_deafjudoteam/

Түркістанда 12-14 сәуір күндері сурдо дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Әлем біріншілігі Қазақстан сурдо дзюдо федерациясы мен Қазақстан Сурдлимпиада комитетінің ұйымдастыруымен өткізілмек.

Аталған федерация мәлім еткендей, әлем чемпионатына 25 елден 200 спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазақстан тарапынан 22 дзюдошы өнер көрсетеді.

«Қазақстан жалпы сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша елімізде бірінші рет әлем чемпионатын қабылдайын деп отыр. Бұл тарихи оқиға және біз үшін үлкен жауапкершілік. Есту қабілеті зақымданған спортшыларды қолдаудың жарқын белгісі деп білеміз. Біздің елімізде дзюдо спорты жақсы дамыған. Соның ішінде сурдо дзюдомен айналысатындар саны да аз емес. Спортшыларымыздың ештеңеге қарамастан, мойымай, мақсатқа жету жолындағы жанкештілігі бізді әрдайым жігерлендіреді, тәнті етеді. Түркістан татамиінде Сурдлимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары бас қосады», - дейді Қазақстан сурдо дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Мұқаш.

Сурдо дзюдодан әлем чемпионаты Түркістан қаласындағы «Olympic centre» спорт кешенінде өтеді.

Дереккөз kaz.inform.kz