Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, темекі шегу салдарынан жыл сайын әлемде 8 миллионнан астам адам қайтыс болады. Ал Қазақстанда шылымның кесірінен жыл сайын 18 мың адам көз жұмады екен. Дегенмен, соңғы жылдары жағдай жақсарып келеді. Мәселен, осыдан 10 жыл бұрын елімізде бұл көрсеткіш орта есеппен 25 мың адам болған. Мамандар бұны қазіргі таңда салауатты өмір салтын ұстанатындардың көбеюімен және темекі өнімдеріне салынатын салық түрлерінің артуымен байланыстырады. Темекінің зияны тек адам ағзасына тиіп жатқан жоқ, сонымен қоса қоршаған ортаға, жаһандық жылынуға да әсер етіп жатыр.
Әлемде темекі салдарынан 8 млн адам көз жұмады ДДҰ-ның соңғы мәліметі бойынша, темекі бұйымдары жылына тек 8 млн-нан астам адамның өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, 600 миллионнан астам ағаштың жойылуына, 200 000 га жер мен 22 млрд тонна судың бүлінуіне әсер етеді.
Бұдан бөлек аталған ұйым оның 84 миллион тонна CO2 шығаратынын айтып, дабыл қағуда. Міне, осы сандардан-ақ темекі бұйымдарының тек адам өміріне емес, бізді қоршаған ортаға да үлкен қауіп төндіріп отырғанын көреміз.
ДДҰ-ның дерегінше, темекіні өндіру, өңдеу және тасымалдау кезіндегі өнеркәсіптік көмірқышқыл газының шығарындылары коммерциялық авиакомпаниялар жыл сайын өндіретін CO2-нің бестен бір бөлігіне тең. Бұл жайт жаһандық жылынуға одан әрі де ықпал ететініне баса назар аудару керек.
Биыл темекімен күрес күні қарсаңында ДДҰ денсаулықты нығайту жөніндегі директоры Рудигер Креч темекінің зиянды салдары жайлы айта келіп, былай деді: «Темекі өнімдері біздің планетамыздағы ең лас өнімдердің қатарында. Олардың құрамында 7000-нан астам улы химикат бар, сондықтан да оны өңдеу кезінде қоршаған ортаға таралады. Жыл сайын шамамен 4,5 триллион темекі фильтрі мұхиттарды, өзендерді, қалалардағы тротуарларды, саябақтарды, топырақ пен жағажайларды ластайды»,-деп атап өткен еді.
Маркетинг басқаша дегенімен, шынайы өмірде фильтрдің денсаулыққа пайдасы бар екеніне ешқандай дәлел жоқ. Осы тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі фильтрін тыйым салуды қарастыруға шақырып отыр.
Сарапшылар темекі өнімдерінің қоршаған ортаны ластауынан келетін шығынды өтеу өнеркәсіпке емес, салық төлеушілерге артылып қойғанын айтады. Бұған дәлел ретінде осы бағытта ең көп қаражат жұмсайтын елдердің көш басында халық саны жөнінен алғашқы орындарда тұрған мемлекеттер тұрғанын келтіруге болады. Мәселен, Қытай, Үндістанды қарайтын болсақ. Қытай аталған шығынды өтеуге шамамен 2,6 млрд доллар, ал Үндістан шамамен 766 млн доллар жұмсайды екен. Бразилия және Германияның да шығындары 200 миллион доллардан асып жығылады. Қазіргі таңда әлем елдері темекі тұтыну көлемін азайтуға көп көңіл бөліп отыр. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, темекі өнімдерін тұтынуды азайтуға мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі – салықты көбейту. Мамандар темекі өнімдерінің бағасы халық табысынан да көп болуы керек деп санайды. Статистика бойынша, темекі өнімдерінің 10%-ға қымбаттауы табыс деңгейі жоғары елдерде темекі шылым шегудің шамамен 4%-ға, ал табыс деңгейі төмен және орташа елдерде 5%-ға төмендеуіне әкеледі. Мәселен, Франция мен Испания, сондай-ақ АҚШ-тың Сан-Франциско, Калифорния секілді штаттары аталған мәселеге қатысты қатаң позицияны ұстанып отыр. Олар қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапқа тарту керек деген қағидатын ұстанып, темекі өнеркәсібі салдарынан болатын ластануды жою барысында «өндіруші жауапкершілігі туралы кеңейтілген заңнаманы» жүзеге асыруды қолға алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басқа мемлекеттер мен қалаларды жоғарыда айтылған елдерден үлгі алуға, ал фермерлерге темекінің орнына ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге қолдау көрсетуге, темекі бұйымдарына көп салық салуға және адамдарға шылымды тастауға көмектесетін қызметтерді ұсынуға шақырады.
Қазақстан да бұдан тыс қалып жатқан жоқ. Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салық кодексіне өзгерістер енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, темекі бұйымдарының басқа да түрлеріне, оның ішінде қыздырылған темекі өнімдеріне акциздерді кезең-кезеңімен арттыру енгізілді. 2023 жылы қыздырылған темекі өнімдеріне акциз 1000 данасына - 9870 теңге, 2024 жылы 1000 данасы - 11 130 теңге, 2025 жылы 1000 данасы - 11 130 теңге болмақ. Мамандар темекі бұйымдарына баға артқан сайын, тұтыну көлемі де азаятынын айтып отыр.
ДДҰ-ның дерегінше, әлемде 1,3 миллиард адам темекі тартады, оның 80%-ы табысы төмен және орташа елдерде тұрады екен. Орталық Азия мен ЕАЭО елдеріндегі темекі тұтыну Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы жаһандық темекі індеті туралы есебі бойынша, Орталық Азия мен ЕАЭО елдері арасында Түрікменстан мен Өзбекстан тұрғындары ең аз темекі шегетіндер қатарында. Аталған ұйымның есебі 2021 жылы жарияланғанымен, олар 2019 жылғы статистиканы пайдаланған. Оған сәйкес, Түрікменстан мен Өзбекстандағы күнделікті темекі шегетін ересектердің үлесі - 4% және 9%-ды құрайды. Ал Қазақстан аймақтағы жеті елдің арасында 3-орынға ие болған. Елімізде күнделікті темекі шегетін ересектердің үлесі - 16%. Бұл ретте республикадағы жағдай біршама жақсарғанын айта кету керек.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: postnews.ru, smoking-room.net, news.tochka.net
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через