фото: ашық көздерден
Шымкентте кейінгі екі жылда қыз алып қашудың 25 дерегі тіркелген.
Шымкент прокуратурасында қалыңдықты алып қашу жағдайларына қатысты кеңес өтті.
Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мұндай фактілер қалада әлі де жыл сайын тіркеледі. Мәселен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тіркелген. Биыл мұндай оқиғаларға қатысты полицияға жүгінгендер болмаған.
«Аталған фактілер бойынша қылмыстық істердің барлығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Негізінен қалыңдықтің өзі «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімен келгені туралы түсініктеме жазады. Өкінішке орай, келіншектер сәтсіз некеден кейін отбасы үшін ұят болады деп қорқып, некеге тұруға мәжбүр», - делінген ведомство хабарламасында.
Ғабит Мұқанов атап өткендей, неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек және құзырлы органдар қыз баланы асығыс қадамнан қорғауы қажет.
Прокуратурадан мәлім еткендей, барлық ықтимал күйеу жігіттер мұндай қадамдар үшін сот жазасы ауыр екенін түсіне бермейді. Сондай-ақ «игі іс» деп санайтын достары да оған қауіп төндіріп жатқанын сезінбейді.
Қалыңдықты алып қашқандар 10-нан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 125-бабы («Адам ұрлау») 15 жылға дейінгі мерзімге, 126-бабы («Бас бостандығынан заңсыз айыру») 10 жылға дейінгі мерзімге түрмеге қамауды көздейді.
Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым бергені-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады.
Қала прокуроры мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Ал Тараз қаласы сотының шешімімен Маңғыстау және Ақтөбе облыстарының азаматтары қыз алып қашқаны үшін сотталды. Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, 2022 жылдың көктемінде бір азамат ортақ таныстары арқылы қызбен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін, қыз қарым-қатынасты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда соған қарамастан, жігіт қызға үйлену үшін алып қашу туралы шешім қабылдаған.
Ғашық жігіт биыл ақпан айында Таразға келіп, досымен бірге қызды көлікке күшпен отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Көршілер қыздың көмекке шақырғанын естіп, полицияға жүгінген. Сот үкімімен қызға үйленуге ниетті жігіт пен оның досы кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дереккөз ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через