фото: ашық көздерден
Букмекерлік кеңселерде ақша тігетін қазақстандықтардың қатары көбейіп барады. Ресми дерекке сүйенсек, олардың саны – 350 мыңға жуық. Құмар ойынға салынған әр азаматтың қарызы орта есеппен 10 миллион теңге шамасында.
Сарапшылардың айтуынша, ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40%-ы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
Сонымен, азаматтардың қауіпті кеселге шалдығуының себебі неде, шешімі қандай?
Биыл 4 қыркүйекте өткен Қауіпсіздің кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құмар ойынға салынғандар санының күрт көбейгенін айтты. Тіпті кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналған. Құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, қылмысқа барғандар, өз-өзіне қол жұмсағандар, жиған-тергенін сатып борышқа белшесінен батқандар қаншама.
2018 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурулардың халықаралық классификациясына осы құмар ойынға құнығуды қосты. Демек, бұл – жаһан дертіне айналған мәселе.
Лудомания сөзінің тікелей аудармасы «ойынға ессіз құнығу» деген мағынаны береді. Яғни, адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы.
Қазақстан азаматтарын бұл дерттен қалай қорғай аламыз? Ол үшін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, республикалық деңгейде бірқатар шешім қабылдаған жөн. Мәселен, 2021 жылы Латвияда алимент борышкерлеріне құмар ойынға бәс тігуге, лоторея ойнауға тыйым салынды. Сол секілді Қазақстанда да борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған жеке тұлғаларға құмар ойынды ойнауға тыйым салу қажет.
Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік букмекерлік кеңселердің интернет сайттары Қазақстан азаматтарына да ашық. Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көптеген елдерде онлайн құмар ойындарға тыйым салынған. АҚШ-тың бірнеше штатында 2006 жылдан бері «Ғаламтордағы заңсыз құмар ойындармен күрес туралы» заңы бойынша, онлайн құмар ойындарға және оның жарнамалауға болмайды. Ал Қазақстанда тек онлайн-казиноға ғана шектеу бар, шетелдік құмар ойындар сайты мен тотализаторларды біздің азаматтар еркін қолданады.
Букмекерлік ұйымдардың ғимараты, казино, лотоклуб сынды құмар ойындар кеңселерінде ломбард пен микроқаржы ұйымдарының орналасуы үлкен қасірет. Құныққан азаматтар ұтылған ақшасын қайтару үшін сол жерде барлық жиғанын тіге бастайды. Содан құмарлығы күшейе түседі. Сол себепті құмар ойындар ғимараттарында ломбард пен микроқаржы ұйымдардың орналасуына толықтай тыйым салу қажет.
Кез келген адам құмар ойынға бәс тікпес бұрыналдымен оның теріс жақтары туралы, қауіп-қатері ескертілгені жөн. Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексте темекі өндірушілер мен сатушылар өнімнің қауіпті әрі денсаулыққа зиян екенін ескертуге міндеттелген.
Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларын орналастыруға және таратуға қойылатын талаптарды қатаңдату қажет. Нақты айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, теле және радиоарналарда, кино мен анықтамалық қызмет желілерінде құмар ойын жарнамасына толық тыйым салынуы керек.
«Тағы бір айта кетерлігі, лотореялар және лоторея қызметі туралы» ҚР заңына сәйкес лоторея билетін, түбіртектерді тарату тәртібін оператор дербес жүзеге асырады. Лудоманияның таралмауы үшін, лотерея терминалдарын көп пәтерлі тұрғын үй кешендеріне, жатақханаларда, білім беру орталықтарына, денсаулық сақтау мекемелерінде, мәдениет ғимараттарына орнатуға тыйым салынуға тиіс. Интернет арқылы электронды лоторея билеттерін таратуды да тоқтату қажет.
Бүгінде Парламентаризм институты Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Осы құжат аясында лудоманиямен күресуге бағытталған бірқатар шаралар қамтылады деп жоспарланып отыр.
Меруерт Қабылбаева,
Парламентаризм институты
Жеке заңнама орталығының бастығы
Асем Спанова,
Парламентаризм институты
Жеке заңнама орталығының бас маманы,
заң ғылымдарының магистрі
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через