Қазақстанда гипер ауқымдағы дата-орталықтар салынады

Қазақстанда гипер ауқымдағы дата-орталықтар салынады
фото: trinosoft.com

2027 жылы Қазақстанда гипер ауқымдағы деректер өңдеп, сақтайтын орталықтар салынады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің редакция сауалына жолдаған жауабында осындай мәлімет келтірілген.

«Сондай-ақ деректерді өңдеу және «бұлтты технологиялар» нарығын дамыту үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының аясында 2027 жылға дейін 3 гипер ауқымдағы (1000 сервер жәшігі сиятын) орталық салу жоспарланған. Ол орталықтар халықаралық нарықтың сұранысын қанағаттандыру үшін транзит деректерін өңдеп, сақтайды. Оның ішінде Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы трафик деректері де бар», – делінген жауапта.

Ведомствоның мәліметінше, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы Amazon Web Services компаниясымен осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Екі тарап тиісті меморандумға қол қойған.

Осы әріптестік аясында Қазақстан тарабының мамандары Amazon Web Services компаниясының Еуропадағы кеңсесіне барып, Outposts технологиясымен танысып қайтқан. Қазір қазақстандық мамандар жобаның техникалық мән-жайын және баға белгілеу тетіктерін зерттеп жатыр.

Дереккөз ҚазАқпарат.