«Қазақстан халқына» қоры қалай жұмыс істейді? Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтар қалай өтінім бере алады? Қор туралы сұрақтарға «Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Ирина Смирнова жауап берді.
Ирина Смирнованың айтуынша, қазір қордың заңды құжаттары әзірленіп жатыр. Қорға қаржы жинауға 7 банктен шот ашылды. Донорлар қаржысын сол банктердің біріне аударуына болды.
«Қаржы мұқтаж жандарға атқарушы орган арқылы аударылатын болды. Бірақ атқарушы орган әлі анықталмады.
Кеңес шешуі керек басты мәселелердің бірі – көмекке мұқтаж адамдардың құжатын қабылдау, қаржыны аудару мерзімін, механизмін анықтау. Сонымен бірге қандай құжаттар қажет болатыны, азаматтар өтінішті қалай тастайтыны, кімдерге басымдық берілетіні, кімдерге мүлде көмек берілмейтіні әлі нақты шешілмеді. Қордың ресми порталы ашылады. Сайтта ережелер мен қор қаржысы қалай жұмсалатыны туралы мәлімет міндетті түрде жарияланады.
Кеше Болат Жәмішев қор командасында тек 20-ға жуық қызметкер мен қамқоршылық және тексеру кеңесі жұмыс істейтінін айтты. Тексеру кеңесі түскен және жұмсалған қаражаттың заңдылығын тексереді. Төрағаның айтуынша, қазір бірінші кезекте жылдам шешілуі керек мәселе – қорды ресми тіркеу. Осы аптада қамқоршылық кеңесінің жиналысы болады. Толық ақпарат келесі аптада белгілі болып қалуы мүмкін», – деп жауап берді Ирина Смирнова.
«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев Тengrinews.kz-ке берген сұхбатында мұқтаж адамдардың өтінішін қор тікелей қабылдамайтынын айтқан.
«Қор әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардан өтінімді тікелей қабылдамайды. Бұл өте маңызды сәт. Барлық алушылармен тікелей жұмыс істеу үшін бізде үлкен аппарат, филиал желісі болуы керек. Біз қайырымдылыққа кететін ақшаның аппарат алуға жұмсалғанын қаламаймыз. Қор қайырымдылықпен айналысатын қоғамдық ұйымдар арқылы жұмыс істейді. Олардың тәжірибесі, аппараты және адамдардың сенімі бар. Біз сол ұйымдардың серіктесі боламыз», – деп жауап берген Болат Жәмішев.
Оның айтуынша, 10-14 күн ішінде қордың құрылымы, бюджеті, даму тұжырымдамасы бекітіледі.
«Бір ай ішінде қайырымдылық көмек көрсетуге кірісіп, шағын аппарат құруымыз керек. Жарты жыл ішінде портал-сайт іске қосылады. Әр теңгенің қайда жұмсалатыны көрінуі үшін жұмысты барынша ашық жолға қою қажет», – деді Болат Жәмішев.
Азаматтар көмек алуға өтінімді қалай бере алады деген сұраққа қор төрағасы былай жауап берген:
«Өтінім қабылдауға мүмкіндік беретін механизмдер бар. Мына порталда ниет білдірушілер қайырымдылық көмек алуға өтінім бере алады. Бұл порталды 140-қа жуық қайырымдылық ұйымы пайдаланады. Бұл өтініштердің қайталануынан, жоғалтып алудан қорғайды», – деді ол.
18 қаңтардағы мәлімет бойынша «Қазақстан халқына» қорына 16-17 миллиард теңге жиналған.
Қордың қызметі денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет, әлеуметтік инфрақұрылым салаларына мемлекеттік қолдаудан тыс қайырымдылық көмек көрсету, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен азаматтарға, халықтың әлеуметтік осал топтарына көмектесу, тәртіпсіздік салдарын қалпына келтіру және қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасын қолдау.
Айта кетейік, Президент «Қазақстан халқына» қорын құру туралы 11 қаңтарда мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев оның Қазақстан халқының қоры болатынын және оның әкімдіктерге немесе үкіметке бағынбайтынын айтқан еді.
Aiqyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через