Қазақстан тарихы кітабы литва тіліне аударылды
Кітап авторы басылымның негізгі мақсаты оқырмандарды Ұлы дала өркениетінің тарихымен таныстыру екенін атап өтті.
Вильнюсте литван тіліне аударылған "Қазақстан тарихы" кітабының тұсаукесері өтті. Қазақстанның Литвадағы елшісі Виктор Темірбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған іс-шараны ашып, бұл Қазақстан-Литва мәдени қатынастарындағы маңызды оқиға екенін атап өтті. Литва оқырмандары қазақ халқының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихы, сондай-ақ оның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресі туралы біле алады.
"Дипломат қонақтарды Қазақстанның үш онжылдықтағы табыстарымен таныстырды. Елші сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы ақпарат берді", - делінген Қазақстанның Литвадағы елшілігі таратқан ақпаратта.
Кітап авторы, Қазақстан білім және ғылым министрлігі мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл өзінің бейнеүндеуінде бұл басылымның негізгі мақсаты оқырмандарды Ұлы дала өркениетінің тарихымен таныстыру екенін атап өтті.
Әбілдің айтуынша, соңғы жылдары республика басшылығы Қазақстан тарихының аспектілерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге көп көңіл бөліп келеді.
Литва сеймінің Қазақстанмен парламентаралық байланыстар тобының төрағасы Эдмундас Пупинис өз сөзінде республикамыздың тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктерін, сондай-ақ Қазақстандағы таяудағы саяси өзгерістерді жоғары бағалады.
Оның айтуынша, ұсынылған кітап Литва мен Қазақстан халықтары арасындағы гуманитарлық байланыстардың дамуына елеулі үлес қосады.
Ашылу салтанатына Сейм депутаттары, сыртқы істер министрлігінің, іскерлік және академиялық орта өкілдері, Қазақстанның құрметті консулдары, мәдениет қайраткерлері және қазақстандық студенттер қатысты.
Кітаптардың көшірмелері Литваның жетекші университеттерінің кітапхана қорларына және Вильнюс, Клайпеда және Каунас орталық қалалық кітапханаларына жіберіледі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через