Сарапшылар жалақы төлеуде гендерлік теңсіздік сақталып отырғанына назар аудартады. Жалпы, бұл тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан үрдіс. Мысалы, Голливудта бірдей рөлді орындап, бірдей еңбек еткенімен ең танымал актрисалардың өзі «жұлдыз» актерлерге қарағанда бірнеше миллион доллар аз ақы алады.
Қазақстанда бірдей қызмет атқаратын әйелдердің ерлерден 25 пайызға кем алатыны белгілі болды. Бұл негізінен, жеке секторға қатысты. Мемлекеттік секторда, бюджеттік салаларда жалақы жынысына қарай емес, лауазымына қарай нақты бекітілген. Әрі олардағы әйел және еркек басшылардың үлесі шамалас.
Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, елімізде ерлердің орташа жалақысы 243 524 теңге, ал әйелдердікі 182 679 теңге болған.
Жұмыс берушілердің көбі әйелдерге қарағанда, ер-азаматтарды жұмысқа алуға бейім. Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі былтыр жұмыс күшінің 4,9 пайызын құрады. Оның үш пайыздан артығы – әйелдерге тиесілі.
Сарапшылар тағы бір жайтты қаперге салады: отбасы мәселелеріне көбірек алаңдайтын әйелдер өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыра алмайды. Мұны келесі бір деректен көруге болады: Қазақстанда жоғары білімі бар ер адамдардың үлесі 17,8 пайыз ғана. Ал жоғары білімді әйелдердің үлесі 21,6 пайыз! «Оңтүстікте дипломды қалыңдық көп» деп келетін әзіл шындыққа жақын. Сондай-ақ елде ғалымдардың көбі әйелдер екенін екінің бірі біле бермейді. Мысалы, республикада 9,1 мыңнан астам әйел «ғылым кандидаты» бар. Ер «ғылым кандидаттарының» саны аздау – 8,4 мың адам. Сонымен бірге, нәзік болмыс иелерінің көбі ғылым шыңын бағындыру сапарын ары қарай жалғастыра алмай, орта жолдан тоқтауға мәжбүр. Нәтижесінде, ер «ғылым докторларының» саны 3 121, ал әйел «ғылым докторларының» саны – 1 928 қана.
Ұлттық статбюро дерегінше, елімізде семіздіктен зардап шеккен қазақстандықтар арасында әйелдер көп: олардың 0,24 пайызы (шамамен 23,6 мыңдай адам) шектен тыс артық салмаққа ие. Іркілдеген жуан денелі ерлердің үлесі 0,12 пайыз көрінеді.
Қазақстандық әйелдер қоғамымыздағы бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің аса зор ұйытқысы болып отырғаны мәлім. Қазақ халқының осы заманға аман-есен жетуі, ұлт болып ұйысуы ең алдымен аналардың арқасы десек, артық болмас. Жаугершілікте ерлермен бірге қолына қару алып, атқа қонған, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұрпағын өрбіткен әжелеріміз бен аналарымыздың бойындағы сол жақсы қасиеттер бүгінгі ұрпақта жалғасын тапты: бейбіт заманды қазақ әйелдері ұрпақ өрбітуге белсенді пайдаланып жатқаны байқалады. Осының арқасында Қазақстан шын мәнінде демографиялық дүмпуді бастан кешуде.
2021 жылы аналарымыз 450 652 сәбиді өмірге әкеліп, бұл салада тарихи рекорд орнатты. Салыстыру үшін айтсақ, елімізде 2019 жылы 402 310, ал пандемия өршіген 2020 жылы 426 824 сәби дүниеге келді. Бұлар да рекорд болатын. Амандық болса, халқымыздың саны жыл сайын жарты миллионға көбейіп отыратын дәрежеге де жетерміз.
Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі гендерлік саясат кез келген жолмен әйелдерді ілгерілетуді басты орынға қойып келді. Дегенмен қазір әлемде «Гендерлік теңдік стратегиясы» белең алуда. БҰҰ құптаған бұл қағидаттың бұрынғыдан айырмашылығы сол, ол әйелдердің мүддесін алға бастыру үшін ерлерді төменшіктетуді, кемсітуді емес, барлық жыныс өкілдеріне тең мүмкіндіктер туғызуды көздейді. Тек әйелдердің ғана емес, ерлердің де құқықтары мен мүмкіндіктеріне неғұрлым тең қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан дамыған елдерде феминистер қозғалысына қатысты ұйымдар не жабылуда, немесе ерлердің, басқаларының да құқықтарын қоса қорғауға қайта бағдарланып жатыр.
Қазақстанда Президенттің Жарлығымен «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Мемлекетімізде бүгінде әйелдердің лидерлік қасиеттерін арттыру және оларды қоғамдық өмірге, саясатқа, шешім қабылдау процестеріне тиімді қатыстыру, әйелдер бизнесін дамытуға, олардың несиеге, ресурстар мен активтерге қол жеткізуіне жәрдем көрсету, аналарды әлеуметтік қорғауды күшейту міндеттері тұр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через