Қазақ-қырғыз білім ордалары басшылары жаңа бастамаға қол қойды

Қазақ-қырғыз білім ордалары басшылары жаңа бастамаға қол қойды

              Бішкекте Қазақстан мен Қырғызстан жоғары оқу орындары басшыларының бірінші форумы өтті. Басқосу нәтижесі бойынша бірлескен қарар қабылданып, қос елдің білім ордалары ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Студенттер алмасып, бірлескен зерттеулер өткізетін болды.

              Қос елдегі жоғары оқу орындарының 50 басшысы алғаш рет бас қосты. Мақсаты бір – сапалы әрі бәсекелес білім беру үшін күш жұмылдыру. Форумға қатысушылардың айтуынша, мамандарды дайындау ісінде әр елдің өз ерекшеліктері бар. Мұның бір артықшылығы – тиімділігін көрсеткен тәжірибені сапалы білім беру ісінде енгізуге болады. Сондықтан қазақстандық білім ордаларында ағарту саласындағы инновацияларға көп көңіл бөледі.

             Ерлан Сыдықов, Еуразия ұлттық университетінің ректоры:

             – Қырғыз студенттерімен қатар Орталық Азия жастары да Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында білім алуға мүдделі. Өйткені біз Еуропа деңгейінде оқытуға тырысып келеміз. Қазақстандық университеттердің көбі халықаралық рейтинг бағалауына белсенді қатысып, онда ілгері басуы бұған дәлел болып отыр.

              Бұл кездесуге дейін де қос елдің университеттері бірлесіп қызмет істеген. Алайда бұл негізінен ғылыми деректер мен сабақ беру тәжірибелерімен алмасу ауқымын кеңейтуге тырысқан жеке ректорлардың бастамалары болған. Енді бұл жұмыс жүйеленіп, тиімділігі арта түседі. Форумды Қырғызстанның білім мен ғылым министрлігі және Қазақстан жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының Кеңесі ұйымдастырды.

             Чинара Шакеева, Қырғыз-Ресей білім академиясының ректоры:

             – Бұл - Қазақстан және Қырғызстанның білім беру жүйелерінің жақсы селбесуі. Ол ағарту жүйесімен қатар әлеуметтік-саяси, экономикалық және идеологиялық дамудың іргетасы болары анық.

             Форум қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Құжаттың басты мақсаты - көрші елдердің жоғары оқу орындары арасында ғылыми және педагогикалық байланыстардың ауқымын кеңейту. Мәміле Қырғызстан жоғары оқу орындары Қауымдастығы мен Қазақстан жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары ректорларының Кеңесі арасындағы ынтымақтасу келісімшартында бекітілді. Оған қоса форумға қатысқан әр университетпен ынтымақтастық жөнінде екіжақты келісімдерге қол қойылды. Бақыт Чермашев Осы категория бойынша: « «ҚазАвтоЖол»ҰҚ» АҚ басқарма төрағасына ескерту берілді Ақтауда 2023 жылы Президент саябағы ашылады » 

Мәтіндегі ақпарат туралы