фото: ult.kz
14-16 қараша аралығында Ақтау қаласындағы «Халық Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Чемпионатқа еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан барлығы 500-ге жуық балуан қатысады.
«Халық-Арена» спорт кешенінде ерлер (55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100, түйе балуан) мен әйелдер (48, 52, 56, 60, 65, 70, 77, +77) 8 салмақ дәрежесінде белдесіп, кіл мықтыны анықтайды.
Қатысушылардың арасында бүгінде ұлттық құрама сапында республикалық турнирлерде сәтті өнер көрсетіп, әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген білекті балуандар да бар.
Атап айтар болсақ, үш күнге созылатын біріншілік барысында Жұмажан Қожамбеков, Бекжан Төлепов, Марат Нигматуллаев, Мейіржан Берекетов, Ержан Еренқайыпов, Мәди Амангелді, Алтынбек Аусағитов, Марат Байқамұров, Нұрдәулет Жарылғапов, Мақсат Исағабылов, Руслан Әбдіразақов, Рауза Нұрмахамметова, Зарина Сарипова, Роза Нысантайқызы сынды Әлем және Азия чемпионаттарының, Әлем және Азия кубокторының, Түркиядағы Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының, Сауд Арабиядағы Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының, «Дала қырандары» және «Қазақстан барысы» республикалық турнирлерінің жеңімпаз-жүлдегерлері бақтарын сынайды.
Жарыс нәтижесінде 2024-2025 жылғы жаңа маусымдағы ұлттық құрама жасақталмақ.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через