Бұл шешімді кейбіреулер дүниежүзілік футбол чемпионатының дәстүрін бұзу деп қабылдап отыр.
Әлем чемпионатының ашылуына екі күн қалғанда, қабылдаушы мемлекет Қатар күтпеген жерден стадиондарда сыра сатуға тыйым салды. Бұл шешімді біреулер сынға алса, басқалары құптады.
Қатар шенеуніктері жаһандық турнирге әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын футбол жанкүйерлерін қарсы алуға дайын екендіктерін көптен бері айтып келеді. Бірақ сол фанаттар Қатардың мәдениеті мен дәстүрін құрметтеулері керек.
Алкогольге қалай тыйым салынады?
Алкоголь кейбір ислам елдерінде қолжетімді. Дегенмен, оны қай жерде сатуға немесе тұтынуға қатысты ережелер әртүрлі. Мысалы, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерде алкогольге мүлдем тыйым салынған. Оларда ішімдік ішкендерге дүре соғу, айыппұл салу, бас бостандығынан айыру, шетелдіктерді депортациялау тәрізді жазалар қолданылуы мүмкін.
Бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай секілді саяхатшылар үшін аса танымал қалаларында алкогольге көзқарас басқашалау. Дубай көптеген келушілерді, ауқатты шетелдіктерді тартатын барларымен, түнгі клубтарымен, демалыс орындарымен мақтана алады. Соңғы жылдары мұнда алкоголь сатуды және оны сақтауды реттейтін заңдар босаңсып келеді. Өйткені, бірқатар елдердегідей, Дубайда да алкоголь саудасы - салық пен табыс көзі.
Алкоголь Иорданиядағы арақ-шарап дүкендерінде еркін сатылады және де бұл ащы сусын ел астанасы Аммандағы барлар мен мейрамханаларда ұсынылады. Халқының басым бөлігі мұсылман Мысыр да туристер үшін тартымды. Мұнда да алкоголь бар. Елдің жағажай клубтары мен барларында коктейль немесе шарап ішіледі. Вино, сыра, арақты онлайн-тапсырыспен алдыратындар бар. Дегенмен, жергілікті тұрғындардың көпшілігі ішімдікке әуес емес; Pew зерттеуінде Египеттегі сауалнамаға қатысқан мұсылмандардың 79%-ы алкоголь тұтынуды моральға жат әрекет деп атаған.
Ережеге бағынбау
Исламның ең қасиетті жерлері орналасқан Сауд Арабиясында тыйымға бағынбайтындар да кездеседі. Бұл корольдікке ішімдікті шұлыққа жасырып немесе "пепси" бөтелкелеріне құйып өткізуге әрекет жасағандар болған. Алайда ереже бұзу әрекеттер кейде қайғылы аяқталады. Мысалы, 2002 жылы Сауд Арабиясында құрамында метанолы бар одеколон ішкен 19 адам қайтыс болып, өзгелері ауруханаға түсті. Сонымен қатар, Иранда да үйде жасалған сыраны ішіп, метанолдан уланып өлу фактілері тікелген.
Қатар және ішімдік
Сауд Арабиясы сияқты исламның уахабизм атты ультраконсервативтік нұсқасын ұстанатын Қатарда алкогольді сатып алу мен тұтынуға қатаң шектеулер қойылған. Бірақ оны бірнеше жылдан бері қонақүй барларында сатуға рұқсат етілді. Ал, Әлем чемпионаты кезінде сыра кешкі уақытта стадиондар мен фан-зоналарда да сатылады деген болжам айтылған еді. Алайда өткен жұмада бәрі өзгерді.
Сол күні жергілікті билік стадиондарда алкогольсіз сыра ғана ұсынылсын деп жариялады. Ал, шампан, шарап, виски және басқа да алкоголь өнімдері қонақ қабылдайтын сәнді зоналарда ғана сатылмақ. Билет иелерінің басым көпшілігі болса, бұндай жерлерге кіре алмайды.
Қатардағы әлем чемпионаты алкогольге байланысты үлкен пікірталас тудырған бірінші оқиға емес. 2014 жылғы турнир кезінде Бразилия стадиондарда жанкүйерлер арасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін футбол матчтарында алкоголь сатқызбаған. Алайда, бұл тыйымды қолдамағандардың пікірінше, сыра сату - әлем чемпионаты дәстүрлерінің маңызды бөлігі екен.
Дереккөз inbusiness.kz. Фото sovsport.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через