Қарт Каспийді не күтіп тұр?

Қарт Каспийді не күтіп тұр?
фото: Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ Коллаж: Дәурен Қуаныш

Жыл санап Каспий теңізі тартылып барады. Оның табанында қалған батпақ мен шаң-тозаңнан табиғатқа төнер залал мен адам денсаулығына келер қауіп зор. Осылайша, бес мемлекеттің ортақ игілігіндегі Каспий теңізінің экологиялық жағдайы көпшілікті ерекше алаңдатуда.

Қазақстан Халық партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде  өткен «Дөңгелек үстел» басындағы дидарласу да Жайық-Каспий бассейнінің проблемаларына арналды. Шараға Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация министрліктерінің, Атырау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу мен Каспий теңізін гидрометеорологиялық зерттеулер басқармаларының өкілдері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, университет ғалымдары, қоғам белсенділері, табиғат жанашырлары офлайн-онлайн режимде қатысты. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан республикалық партияның облыстық  филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова талқыға түсетін тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігіне тоқталды. Институтты құрудағы мақсат қандай?  «Каспий теңізіндегі тербеліс, гелиомакроболжамдау қорытындылары туралы» әңгіменің тиегін осы саладағы танымал қазақстандық ғалым, эконометрика профессоры, сарапшы Нұрлан Мыңбаев ағытты. Оның айтуынша, кейінгі он бес жылдан бері теңізде тұрақты  жүргізілетін гидрологиялық жұмыстардың ауқымы, метеорологиялық стансалар мен бекеттердің көлемі азайған. Экологиялық ұйымдардың болжамдарына қарағанда, теңіз деңгейі ХХІ ғасырдың соңына таман 9-18 метрге дейін төмендеп кетуі ықтимал. Соның салдарынан теңіздегі су солтүстік Каспий шельфінен (Қазақстан жағы), оңтүстік-шығыс жақтағы түркімен шельфінен және оңтүстік пен орталық Каспийдің теңіз жағалауынан алыстауы мүмкін. Бұдан басқа, теңіздің шығыс бөлігіндегі Қара-Боғаз-Ғол шығанағының кеуіп қалуы да ғажап емес.  Теңіз деңгейі 9 м-ге төмендесе, онда Каспий теңізінің ауданы 23%-ға, ал 18 метрге түссе 34%-ға кішірейеді. Бұл дегеніңіз, теңіздің Қазақстанға тиесілі бөлігі толықтай шөлді аймаққа айналады деген сөз. Каспийдегі су деңгейі соңғы жүз жылда екі метрге төмендеген. Ал, 2005 жылдан бері орта есеппен жылына 10 сантиметрге түсіп отырған. Ғалымдардың пайымдауынша, осылай жалғаса берсе, енді бір 20-25 жылда су бассейнінің солтүстік-шығыс бөлігі Аралдың тағдырын қайталауы әбден ықтимал. Расында Каспий теңізі – бірегей су қоймасы. Мұндағы көмірсутекті ресурстар мен табиғи байлықтардың әлемде ешқандай баламасы жоқ. Оның ауданы 392 600 шаршы метрді, суының көлемі 78 648 текше шақырымды, орташа тереңдігі 208 метрді, жағалау бөлігінің ұзындығы 2 320 шақырымды құрайды. Сайып келгенде,  жағасында орналасқан бес мемлекетке ортақ Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны кімді де бейжай қалдырмасы анық. Нұрлан Мыңбаев одан әрі Жайық-Каспий бассейнінің өзекті мәселелері мен теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты шешімдер жайын қозғады. Ол алдымен бұл бағытта жасалған халықаралық мәмілелердің тарихына, осы тұрғыдағы Каспий маңы мемлекеттерінің тәжірибесіне қысқаша шолу жасады.

 – Мәселен, Ресейде «Каспий балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Каспий теңізі ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс жасайды. Алғашқысы, балық шаруашылығы саласында ғылыми іздестіру, су биоресурстарын сақтау және аквамәдениетті дамыту бағытында жұмыс жүргізеді. Соңғысы, Каспий теңізінде қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ететін бағдарламаны дайындап, жүзеге асырады. Әзербайжандағы Каспий теңіз шаруашылығы «Еуропа–Кавказ–Азия» көлік дәлізіндегі байланыстырушы буын болып табылады. Сонымен бір мезгілде Транскаспий бағытындағы жүк және жолаушы тасымалымен және теңіздегі мұнай-газ өндірісімен айналысады. Осындағы балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қоршаған ортаның кешенді экологиялық мониторингін, экожүйенің талдамасын, бекіре тұқымдас балық түрлерінің табиғи уылдырық шашу тиімділігін, т.б. параметрлерін жан-жақты зерттейді. Кешенді экологиялық мониторинг басқармасы бірыңғай экологиялық критерийлерді айқындап, қоршаған ортаға антропогендік әсер етуінің сандық және сапалық деңгейінің көтерілуін қамтамасыз етсе, Ирандағы халықаралық Каспий зерттеу және Түркіменстандағы Каспий теңізі институттары да осы мазмұндас жұмыстармен шұғылданады. Қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК Каспий теңізінің солтүстік және орталық бөлігінде судың сапасын, түзілімдердің қорын, теңіздегі тербелістер мен деңгейін анықтау бағытында мониторинг жасауға кіріскен. Бұған қоса, Балық шаруашылығы комитетінің тапсырысымен жеке компания теңіздің түрлік құрамына, жалпы биологиялық массасына, тұтастай алғанда ихтиофаунасына мониторинг жүргізуді қолға алған. Бірнеше ғылыми мекеме теңіз итбалықтарының тіршілігіне қатысты түрлі зерттеу жұмыстарымен шұғылдануда. Алайда, мұның бәрі Каспий теңізінің қазақстандық секторында қалыптасқан күрделі ахуалды сауықтырып, қалыпты жағдайға келтіруге жеткіліксіз екені рас. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қаулысымен елімізде Каспий теңізінің проблемаларымен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Жаңа құрылымның алдында тұрған маңызды міндет ­– теңіздегі су балансы мен биологиялық әртүрлілікті сақтау, жер қойнауын пайдаланудың оның экологиялық жүйесіне тигізетін әсерін мейлінше азайту, қабылданған халықаралық міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуы мен Каспий маңы мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығын қамтамасыз ету. Ғалымның түсіндіруінше, Каспий теңізі қозғалысы мерзімінің ұзақтығын шамамен 120 жыл деп қарастыруға болады екен. Келешекке көз жүгіртсек, теңіз деңгейінің төмендеу кезеңін 1960 пен 2080 және жоғарылау кезеңін 2020 мен 2140 жылдар аралығын қамтиды деп болжамдауға болады. Бүгінгі таңда теңіздің деңгейі уақытша тұрақтану кезеңінде тұр. Болжамдарға қарағанда, енді бір он жылдан соң ол қайтадан көтерілуі ықтимал. Тұтастай алғанда, Каспийдің деңгейі ондағы су балансының толысу және кему кезеңдеріндегі көрсеткішінің арақатынасына байланысты өзгеріп отырады. Егер судың келуі (толысуы) кетуінен (азаюынан) айтарлықтай көбірек болса, онда теңіздің деңгейі артады. Ал, керісінше жағдайда төмендейді. Статистикаға сүйенсек, судың келуінен гөрі кету көрсеткішінің басымдығы байқалған. Мұны қауіпті, апатты жағдай деп бағалауға болады. Сайып келгенде, су балансын құрайтын элемент немесе компоненттердің арасында маңызды рөлді Еділ өзенінен келетін ағын атқарады. Одан келетін ағынның үлес салмағы 80%-ға жуықтайды және сол су ағынының басым бөлігі көктемгі су тасқынының еншісі тиеді.  Бұл кезеңдегі судың мөлшері қыс айларында қардың қаншалықты мол жауғанына, ылғалдың түсіміне байланысты болып келетінін көпжылдық тәжірибе көрсетіп отыр. Мәселен, қардың ең көп жауған жылдарында Еділ өзенінен Каспий теңізіне келіп құйылатын судың көлемі шамамен 300-350 текше шақырымға дейін жеткен. Ал, ылғал аз түскен кездері бұл көлем 200, кейде тіпті 150 текше шақырымға дейін кеміген. Түйіндей айтқанда, теңіз деңгейінің ұзақ жылдар бойғы тербелісі мен өзгерістеріне жүргізілген талдау қорытындылары ондағы гелио және геофизикалық процестерінің аралығындағы ауытқу көлемдерінің түрліше қалыптасуына әкеліп соқтырды. Апаттың алдын алудың жолы бар ма? «Каспий теңізінің экологиялық проблемалары» тақырыбына Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиринг университеті жанындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Ізтелеу тоқталды. Ғалым жұртшылықты алаңдатып отырған өзекті мәселе – теңіздің тартылу себептерін, соған тікелей әсер етуші негізгі факторларды атады. Олардың біріншісі – табиғи жағдай. Бұл – орталық және оңтүстік Каспийдегі геодинамикалық тұрақсыздық. Соның салдарынан осы аймақтың сейсмикалық деңгейінің көтерілуімен байланысты тағы бір үлкен проблеманың туындауы ықтимал. Екіншісі – техногендік. Мұнда өзендердің бойымен ағып келетін өнеркәсіптік төгінділер соңында теңізге құйылады. Суға батқан ұңғымалар мен теңіздегі мұнай кеніштерін игеру кезіндегі техногендік әсерлер де оның ластануына себепші факторлардың санатына жатады. Үшіншісі – биологиялық. Мұның мәнісі – өзге теңіздер арқылы Каспийге өтетін бөгде, яғни сырттан келетін түрлі тіршілік иелері. Олар теңіздегі биологиялық режимнің бұзылуына әкеледі. Төртіншісі – браконьерлік. «Су маржандарын» заңсыз аулаудың салдарынан теңіздегі бағалы балықтардың қорына жойылып кету қаупі төнді.  Шындығына келсек, бүгінде бекіре тұқымдастардың аналық үйірі түгелдей ауланып біткен. Олардың қорын сақтау балықты жасанды тәсілмен көбейтудің нәтижесінде ғана мүмкін болып отыр. Сайып келгенде, осының бәрі тіршілік иесінен айырылуға айналған теңіздегі экологиялық жүйенің өзгеріп, табиғи тепе-теңдіктің өрескел бұзылып, теңіз суының сарқылып, тартылуына себепші жағдайлар екенінің дәлелі болса керек. Ойын осылай жеткізген Нұрлан Накимжанұлы әрмен қарай әріптестерімен бірлесіп жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен таныстырды. Теңіздің Маңғыстау облысы аумағына кіретін жағалау бөлігінің ұзындығы 1400 шақырымға жуықтайды екен. Осында жүргізілген мониторинг апатты жағдайлардың, мұнайдың теңізге төгілу фактілерінің жиі орын алатындығын анықтаған. Кейбір жерлерінде ластану тереңдігі 10 метрге дейін жеткен көрінеді. Тұтастай алғанда, кеніштер игеріле бастағалы бері теңіз түбінде жинақталған «қара алтын» қалдықтарының көлемі 200 мың тоннадан асқан. Ал, ластанған жағалау бөлігінің жалпы ауданы 200 мың гектар деп көрсетіліп отыр. – Сонымен қатар біз Мәскеу қаласындағы П.П.Ширшов атындағы мұхит зерттеу (океанология) институтымен ынтымақтастықта жұмыс жасаймыз. Осылайша, 2018 жылы бекітілген Меморандум аясында Ақтау қаласы маңындағы Каспий теңізінің акваториясын зерттеу бағытында бес рет бірлескен экспедиция өткіздік. Маңғыстау қайраңындағы теңіз ағысының режимін бақылау мақсатында зерттеулер жүргіздік. Одан бері де жүзеге асырылған түрлі бағыттағы іс-шаралардың нәтижелеріне сүйене отырып, төмендегідей қорытындыға келіп отырмыз. Бүгінгі таңда күллі адамзатты алаңдатқан Каспий теңізінің тағдырымен кем дегенде 15 миллион адамның өмірі тікелей байланысты. Бұлардың 10 миллионы теңіз жағалауында орналасқан елдердің халқы болып саналады. Екіншіден, теңіз экологиясы мен оның биологиялық ресурстарына келтірілетін залал мен ондағы жануарлар дүниесіне төнетін тажалдың дені химиялық ластану мен қоршаған ортаны қорғау заңдылықтары мен талаптардың сақталмауынан екеніне көзіміз жетті. Осыдан туындайтын маңызды мәселе – Каспийдің экожүйесін қалпына келтіріп, апаттың алдын алу үшін ең алдымен теңізді ортақ пайдаланып отырған бес мемлекеттің өзара кеңесіп-келісілген іс-әрекеті қажет. Бұл жөнінде осыған дейін де құжаттар рәсімделіп, келісімдерге қол қойылғанымен, өкінішке қарай олар қағаз жүзінде қалып келе жатыр. Осы жағына маңыз беретін болсақ, ол мемлекеттер үшін ғана емес, сондай-ақ, сол мемлекеттердегі шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін де тиімді болар еді.  Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін барлық Каспий маңы мемлекеттері теңіздегі көмірсутегі шикізатын игеру кезінде бәріне ортақ, бірыңғай нормативтік, әдістемелік және құқықтық құжаттарды бекіту қажет. Сонда ғана оның теңіздің экологиялық жүйесіне тигізер техногендік теріс әсері төмендей түсері даусыз, – деп түйіндеді сөзін Нұрлан Накимжанұлы.  Дерек пен дәйек Каспий 1900-1929 және 1942-1969 жылдары салыстырмалы түрде тұрақты болғаны және бірқалыпты төмендегені байқалған. 1930-1941 және 1970-1977 жылдары теңіздің деңгейі күрт төмендеген. Ал, 1978-1995 жылдары күрт көтерілген. Бертінде, 1996-2001 жылдары бірқалыпты төмендеу, 2001-2006 жылдары бірқалыпты жоғарылау тіркелсе, 2006-дан қайтадан төмендеу басталған. 1978-1995 жылдар аралығында Каспий теңізінің деңгейі 2,5 метрге жоғарылаған. Жалпы ауданы 280 мың гектар ауылшаруашылық жері су астында қалып, 320 мың гектар егістік алқабы пайдалануға жарамсыздыққа ұшыраған. Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА, Қазақстан Халық партиясы АОФ төрағасы: – Каспий проблемаларын жан-жақты зерттеп-зерделеу мақсатында елімізде жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі жанынан ғылыми-зерттеу институты құрылды. Жаңа құрылымның бас кеңсесі Ақтау қаласында орналасса, Атырауда оның филиалы – зертхана жұмыс жасайды.  Мекеме өз құрамына ғалымдарды, ихтиолог, биолог, гидрогеолог және өзге мамандарды біріктіреді. Олар Каспийдің флорасы мен фаунасын зерттейді. Жаңа құрылымның жұмысына сәттілік, дейміз. Болат ҚОЖИЕВ, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының кафедра меңгерушісі: – Шұғыл шарасын алмаса болмайды. Теңіздің таяздануынан жергілікті халықтың зардап шегіп отырғаны шындық. Бұл жағдай балықшылардың да шымбайына батып тұр. Өйткені, олар кәсібінен айырылып қана қоймайды, денсаулығын да құртады. Тартылған теңіз табанынан ұшқан шаң-тозаңды  алдымен жұтатын да солар. Жалпы отандастарымызды, әсіресе теңіздің жағалауын мекендеген Маңғыстау мен Атырау өңірінің тұрғындарын алаңдататын да осы жайт. «Ештен те кеш жақсы» демекші, болашақта жақсы жағына қарай бір оң өзгеріс болатынынан үміттіміз. Бұдан басқа, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының профессоры Әуелбек Зәуірбек («Жайық-Каспий» бассейнін бірыңғай басқарудың бірінші кезектегі, орта және ұзақмерзімді шаралары туралы») ресейлік ғалым, биология ғылымдарының докторы, сарапшы  Николай Аладин «Каспий теңізін зерттеудің тарихы»), Парламент Мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитетінің мүшесі Кенжеғұл Сейтжан («Жайық-Каспий бассейнінің проблемалары») тақырыптарында баяндамалар жасады. Соған сәйкес, олар жыл сайын «Жайық-Каспий» бассейніне келіп құятын судың көлемі мен өзгерісі (көбеюі немесе азаюы, түбінің таяздануы мен тартылуы), теңізді зерттеу барысында байқалған ерекше құбылыстар, бассейннің экологиялық жүйесі мен табиғи тепе-теңдігін сақтау, өзге де оның қалыпты тірлігіне теріс ықпал ететін факторлар мен олардың алдын алу мақсатында алынатын шаралар төңірегінде жан-жақты талдауларымен бөлісіп, ойларымен ортақтасты.

Atr.kz