Қанттан бас тарту ағзаға қалай әсер етеді

Қанттан бас тарту ағзаға қалай әсер етеді
фото: adyrna.k

Қанттан бас тарту ағзаға қалай әсер етеді

Рациондағы қант мөлшері бір тәулікте тұтынылатын калорияның 10%-інен аспауы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай дерек ұсынды

Тұтынылатын қант көлемін 5%-ке дейін азайту ағзаға пайдалы. Бір күнде тұтынатын қант көлемін мейлінше азайтқан немесе одан түбегейлі бас тартқан жағдайда ағзада қандай өзгеріс болатыны туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Қандай өнім құрамында қант бар

Диетологтар көп адам қант тек таза түрінде немесе кәмпит құрамында ғана болады деп қателесетінін айтады. Ал шындығында қантты күнделікті жеп жүрген көп өнімнен кездестіруге болады. Мысалы, жеміс йогурты, сүзбе, соус, шұжық, консервіленген, кондитерлік өнім, шырын. Осыған байланысты қантты мүлде тұтынбау мүмкін емес. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Себебі бастапқыда қанттан толық бас тарту адамға жағымсыз көңіл-күй сыйлайды.

Қант жеуді аяқасты тоқтатса не болады

Тазартылған қантты тұтыну кезінде мида серотонин мен дофамин деп аталатын ләззат алу гормондары бөлінеді. Тәтті де есірткі секілді тәуелділік тудырады. Ал одан бас тарту мыналардың пайда болуына әсер етеді:

ашушаңдық, селқостық, мазасыздық сезімі;

жұмысқа деген немқұрайлылық, тез шаршау;

бас ауруы;

ұйқысыздық;

бұлшықеттің ауырсынуы;

тамақтану режимінің бұзылуы – таңғы, түскі және кешкі ас уақытында адамда тәбет болмайды да, беймезгіл уақытта тәтті тағам жеуге деген құмарлық туындайды.

Сарапшылар атап өткендей, глюкозаны мәзірден бірден және толық алып тастауға болмайды – ол көмірсулардың қалыпты алмасуын жүргізу үшін ағзаға қажет. Егер ол бұзылса, жұмысқа қабілеттілік төмендейді. Қорек қабылдамаған ми жасушалары баяу жұмыс істейді, адамның бір нәрсеге зейін тоқтатуы, өз ойын жеткізу және жаңа идеялар ойлап табуы қиындайды. Ашушаңдық пен мазасыздық пайда болады. Бірақ тәтті десерт жесе, артынша-ақ бойында күш-қуат сезініп көңіл-күйі көтеріледі.

Дегенмен, глюкоза тазартылған ақ қантта ғана болмайды. Тәтті жеміс, көкөніс, бал, сүт өнімдері, табиғи қантқа бай жаңғақтардың құрамында да глюкоза бар.

Диетологтардың пікірінше, бұл өнімдерді пайдалану ағзаның қалыпты жұмысы үшін қажетті глюкозаның, фруктозаның, лактозаның күнделікті нормасын алуға мүмкіндік береді. Егер күш-жігер танытып, тәттіден бас тартса, онда оның жағымсыз әсері 2-3 аптадан кейін жойылады. Есесіне, ұйқы мен тәбет қалпына келеді, адам бойында жеңілдік пен энергия пайда болып, көңіл-күйі жақсарады.

Қанттан бас тартудың пайдасы

Қантты тұтыну әдетке айналған болса, мүлде қолданбау қиынға соғады. Алайда тәтті жеуді доғару адамға тек жағымды әсер беретіні анық:

1.күш пен энергия артады;

2.көңіл-күй жақсарады;

3.ұйқы қалпына келеді;

4.тері түсі жақсарады;

5.артық салмақ кетіп, ісіну басылады;

6.есте сақтау қабілеті жақсарады;

7.ойлау мүмкіндігі артады.

Сонымен қатар, қант қолданбау қант диабетінің алдын алудың тиімді тәсілі болады. Диетологтар бұл әдеттен арылу үшін қант мөлшерін біртіндеп азайтуға кеңес береді. Сонымен қатар тұтынатын тағам құрамын мұқият зерттеп, қаптамадағы жазуды оқудың да маңызы зор. Сондай-ақ үйге артық тәтті сатып алмаған абзал. Өйткені оны жеп қою қаупі зор.

Қантты немен алмастыруға болады

Тазартылған қантты бал, кептірілген жеміс, мейіз, жаңа піскен жеміс пен көкөніс сынды табиғи өнімдермен алмастыруға болады. Балдың бірқатар артықшылығы бар: құрамында фруктоза мен глюкоза ғана емес, сонымен қатар витаминдер, минералдар, биологиялық белсенді заттар бар табиғи өнім, ол иммундық жүйені нығайтады, ас қорытуды жақсартады, терінің күйіне оң әсер етеді.

Кептірілген және жаңа піскен жеміс пен көкөніс те пайдалы. Бірақ бұл өнімдердің құнарлылығы жоғары. Сондықтан егер сіз артық салмақтан арылу мақсатында тәттіден бас тартсаңыз, онда бұл өнімдерді тұтынуды шектеу керек. Жаңа піскен жемістердің құнарлылық кестесін зерттеңіз. Мысалы, 100 грамм банан жесеңіз, онда ағзаңызға 89 калория, 100 грамм шие - 52 калория, мандарин - 33, құлпынай - 30, қарбыз - 27 калория түскенін ескеріңіз.

 

Мәтіндегі ақпарат туралы