Қанша қалада әуежай жаңғыртылмақ?

Қанша қалада әуежай жаңғыртылмақ?

Қанша қалада әуежай жаңғыртылмақ?

Алматыда TransLogistica Kazakhstan 2021 24-ші халықаралық көрмесі шеңберінде «Пандемия кезеңіндегі авиация саласы және саланың инфрақұрылымдық жобалары» атты сессия өтті. Оған спикер ретінде ҚР ИИДМ  Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, «Атамекен» ҚР ҰКП Азаматтық авиация жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Дәулет Хамзин қатысты. Сондай-ақ авиациялық әкімшілік, авиация академиясы, отандық шетел әуе компаниялардың өкілдері де бас қосты.

Қатысушылар Қазақстандағы әуежайлардың жерүсті инфрақұрылымының жұмыс істеп тұрған нысандарын жаңғырту және жаңасын салу, пандемия кезеңінде әуе тасымалдаушы компанияларды фискалдық және қаржылық қолдау мәселелерін, сондай-ақ халықаралық ұшу бағыттарын ашуға шектеулерді алып тастаудағы кедергілерді талқылаған.

Тосын қиындық тудырған 2020 жыл авиация саласы үшін де ауыр өтті. Қаншама рейс тоқтап қалып, соның салдарынан отандық әуе компаниялары 350 млрд теңгеден астам шығынға батты. Қазір рейстер толықтай қалпына келген. Қазір халықаралық рейстер 20 елде 58 бағыт бойынша аптасына 237 рейс орындалып жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына бес әуежайды (Қостанай, Орал, Қызылорда, Шымкент, Алматы) жаңғырту жөніндегі жоспар енгізілген. Сондай-ақ, жергілікті әуе желілерінің сегіз аэродромының инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланған.

 

Олар:

  • Жәнібек,
  • Казталовка,
  • Сайқын,
  • Арқалық,
  • Сарыағаш,
  • Қарқаралы,
  • Ұлытау,
  • Зайсан қалаларында орналасқан.

«Биыл 2-11 тамыз аралығында үйлестірілген валидациялық миссия шеңберінде ИКАО аудиторларының саланы тәуелсіз тексеруі өтті. Алдын ала деректер бойынша, Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін көтерді. Бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15 пайыз жоғары» дейді азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Сарапшылар іс жүзінде барлық көрсеткіштер бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестіктің өскенін атап өтті. Бірінші кезекте – «Ұйымдастыру құрылымы» және «Заңнама» бойынша. Ұшу қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Нидерланды, Бельгия, Португалия, Чехия (87 пайыз), Латвия (86 пайыз), Дания (85 пайыз), Исландия және Польша (84 пайыз) сияқты елдердің деңгейіне жеткен. 

Қазір елімізде 20 әуежай бар, олардың 18-і ИКАО талаптарына сәйкес келеді.

Ал теміржол транспорты арқылы биыл 9 айда 307 млн тонна жүк тасымалданыпты.

Ел территориясы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Оның бесеуі – теміржол, алтауы – автомобиль жолдары.

 

 

Мәтіндегі ақпарат туралы