Қайырымдылық жасау қазақтың бойына сіңген қасиет. Сайраш Бопай

Қайырымдылық жасау қазақтың бойына сіңген қасиет. Сайраш Бопай

Білім қуған жастарға көмектесемін

Сапалы білім алуға ұмтылған жасөспірімдерге, жастарға 12 жылдан бері көмектесіп келемін. Жыл сайын шамамен 8-10 балаға материалдық жағынан қолдау көрсетемін. Олардың арасында қазақ, орыс, қытай дегендей, әр ұлттың балалары бар. Осы 12 жыл ішінде шамамен 800 жеткіншектің сапалы білім, саналы тәрбие алуына ат салысқаныма қуанамын. Бүгінгі заман ағысына сай біліммен қаруланған ой-өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған азамат болу - уақыт талабы.

Алғашқы қолдау көрсеткен балаларымыз оқуын тәмамдап, игерген кәсібі бойынша жұмысқа орналасып, білікті маман атанды. Табысты еңбекс істеп жатыр. Ал қыз балалар тұрмысқа шығып, отбасын құрды, бала сүйіп отыр. Мен кейбір бүлдіршіндердің  кіндік анасымын. Кейбір жастарға арнайы оқу орнын аяқтаған соң жұмысқа орналасуға да көмектестім.

Қайрымдылықпен айналысамын деп ойлаған емеспін

Жалпы мен осылай, талапты жеткіншектерге көмектесіп, қайрымдылықпен айналысамын деп ойлаған емеспін. Алғашқыда Қытай елінде жүргенімде достарымнан «Қазақстаннан оқуға келіп, қаражаттан қысылып немесе оқу ақысын төлеуге қиналып жүрген балалар бар екен» дегенді естіген соң, шамам жеткенше демеп жіберейін деп ойлағанмын. Кейін жыл сайын қолдау көрсетуді ұйғардым. Бір балаға бір жылдық оқу қаражатына орта есеппен бір жарым мың доллардан төледім. Бұл сомаға баланың оқуы мен жатар орны енді. Кейде керектеріңе жаратасыңдар деп қолдарына ақша ұстатып та қоямын. Біз қолдау көрсеткен балалардың өзі де жақсы оқып, үлгілі шәкірт атанды. Кейбіреулер бір жылдық оқуды аяқтаған соң, емтихан тапсырып оқудың келесі сатысына, Жоғары оқу орнына көшеді.   

Балаларға ай сайын жалақымыздың бір бөлігін аударамыз

Жолдасымыз екеуміз биыл қазақстандық банктен 4 балаға арнайы есеп-шот аштық. Солардың есеп-шотына ай сайын жалақымыздың бір бөлігін аударып тұрамыз. Балалар жиналған ақшаны 18 жасқа, яғни кәмелетке толған соң ғана алады. Егер қазір қолдарына ұстатсақ, біріншіден бұл көп ақша емес, оның үстіне бөліп берген соң тез жаратылып кетеді. Ал бірнеше жыл қатарынан жиналған ақша, қомақты болады, сонда нақты бір мақсаттарға жұмсауға жарап қалады.

Қайырымдылық жасау қазақтың бойына сіңген қасиет.       

Біздің айналамызда көмекке мұқтаж қаншама жан бар. Мәселен, жалғыз қалған қарияларға азыұ-түлік, дәрі дірмек апарып беру, тіпті базардан сөмкесін көтере алмай келе жатқан әйелдің сөмкесін көтерісіп жіберудің өзі көмек. Әсіресе ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмектесудің орны бөлек. Осындай өсиетті әкем жиі айтып отыратын. Өзі көрші-қолаң, дос-жаран, ағайын-туыстың өтінішін жерге тастамайтын, әрдайым көмектесуге асығып тұратын. Әкем Бопай Қалелұлы өр Алтайда 1930 жылдары дүниеге келген. Мал шаруашылығы техникасы бойынша білім алып, мал тұқымын арттыру, малды асылдандыру ісіне белсене ат салысқан. Кейінгі жастарды ежелгі кәсібіміз мал шаруашылығы мамандығын ғылыми тұрғыда игеруге, осы салаға озық технология енгізуге талпынуға шақырған. Мен де әкеме тартып, жастардың сапалы білім алуына шамам жеткенше ат алысуға тырысып келемін. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.