фото: https://baq.kz
Полиэтилен пакеті 100 жылда да ыдырамайды
Полиэтилен пакеті бүгінде адамдардың күнделікті пайдаланатын ажырамайтын қажетіне айналды. Кез-келген затты орауға немесе салуға қолданамыз. Осы қажеттілігімізге айналған полиэтилен пакеті қоғамға, қоршаған ортаға қаншалықты зиян тигізіп жатқанынан бейхабармыз.
Бір полиэтилен қапшығы шамамен 20 минут қолданылады. Ал оның зардабы 100-400 жыл жетеді. Өйткені ыдырап, жерге сіңіп кетуіне сондай мерзім қажет. Сондықтан оларды жою (утилизациялау) және қайта өңдеу немесе қолдануын шектеу өзекті мәселе ретінде көтеріліп, әлем дабыл қағып отыр.
Зерттеу жұмысы барысында, әр отбасы күніне 4 полиэтилен жасалған тұрмысқа қажетті заттарды тұтынатыны анықталды. Мәселен, Өскемен қаласында шамамен 300 мың адам тұрады. Яғни, орта есеппен қалада 75 мыңдай отбасы бар. Бұл статистикаға қарағанда, қала тұрғындары
1 күнде 300 000 пакет
1 аптада 2 100 000 пакет
1 айда 9 000 000 пакет
1 жылда 109 500 000 пакет қолданады. Енді осы полиэтилендерден келетін зияннан қаланы қалай құтқаруға болады.
Алғаш рет қарапайым орау пакеттері 1957 жылы АҚШ-та жасалды. Ол бутербродтар, нан, көкөністер мен жеміс орау үшін арналған. Бара-бара оның қолдану ауқымы кеңейіп, 2002 жылы, пластикалық қаптар шығарылымның жалпы ғаламдық көлемі жылына 4 - 5 трлнға жетті.
Полиэтилен пакет 400 жыл шірімей жатып алып жер анаға зиянын тигізеді. Өртесе жанып жатып ауаға аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Оның күлінде ауыр металдар бар. Одан – шөп, шөптен – мал, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл қатерлі ісік пайда болуына себепкер. Онымен қоса, ғалымдар бір жылда бір миллион құс полиэтилен қалдығын жеп өлетінін айтады.
Жыл сайын осы пакеттерді қорекке ұқсатып жұта беретін бейшара киттердің, су тасбақасы мен итбалықтардың 100 мыңнан астамы өледі.
Дүниежүзі бойынша бір жылда 3 триллион түрлі қапшық пайдаланылады. Оның бар болғаны 5-10 пайызы ғана қайта өңделеді. Осы мәселелерден қазір әлемнің бірқатар елінде бұл өнімге қарсы «соғыс» жүріп жатыр деуге болады. Бангладеш астанасында оны қолдануға тыйм салынды. Тайвань да сөйтті. 40-қа жуық мемлекет пакеттерді қолданудан бас тартты/салық жинайды. Олардың қатарында Дания, Германия, США, Англия, Ирландия, Финляндия. Біріккен Араб Әмірліктері қоршаған ортаға, әсіресе жануарларға, соның ішінде түйенің өміріне қаупі бар деген себеппен ыдырамайтын пакеттерді біржола нарықтан алып тастауға шешім қабылдады.
Ал, Қазақстанда отандық өндіріске тыйым салу арқылы ештеңені шеше алмайтынымыз анық, себебі қазіргі нарықта, негізінен, басқа елдерде, әсіресе Қытайда жасалған пакеттер пайдаланылады. Қазақстандағы биологиялық жолмен ыдырайтын, яғни шіріп кететін пакеттер шығаратын санаулы өндіріс орындарының бірі - Ақтөбедегі «Поливест» қана.
Бүгінде адамзат молшылық кезінде өмір сүріп жатыр. Оның артықшылығымен қатар кемшілік тұстары да бар. Ағаштар саны азаюда, қоқыс мөлшері артуда, өмір сүру ортасының сапасы төмендеуде деген сияқты. Сондықтан әр адам қоғамға, жер - анаға келетін зиянды саналы түрде ойлауы тиіс. Қолдан келгенше қарапайым эко-әдеттерді пайдаланған дұрыс.
Көбірек полиэтилен қалдықтарын жинайтын орын ашылуы керек. Белгілі мөлшерде полиэтилен тапсырған тұрғындарға коммуналдық төлемдерден жеңілдік жасау қажет шығар. Қалада полиэтилен заттарын екінші рет өңдейтін зауыт салу керек.
Эко-сөмке. Мүмкіндігінше дүкеннен полиэтилен пакет алмаңыздар. Оның орнына бір-екі эко-сөмке алыңыз. Ол үнемді әрі ұстауға өте ыңғайлы. Оның иыққа асатын ұзындау бауы болады және өте берік матадан жасалады. Экосөмкені әркез ауыстырып, лақтырудың қажеті жоқ. Ол сізге ұзақ қызмет етеді. Оны полиэтилен пакет секілді әркез қоқысқа лақтырмайсыз және экологияға зияныңызды тигізбейсіз. Сондықтан, эко-сөмкені әркез өзіңізбен салып жүруді, дүкенде полиэтилен пакет бергенде бас тартып, өз сөмкеңізге салып алуды әдетке айналдырыңыз.
Отбасыңызбен арасында саябаққа немесе табиғатқа барып қоқыс жинауды әдетке айналдырыңыз. Балаңызды табиғатпен "дос болуға", оны құрметтеуге шақырыңыз. Сол секілді көкке шыққанда демалып болған соң қоқыс тастамай, жақсылап тазалап кетіңіз. Полиэтилен пакетінен келетін зиян жалпы тіршілік иесіне, жер жаһанның жылынуына, жер-ананың ластануына әкелуде. Соны әрбір саналы адам ескергені дұрыс.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через